SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Tesla Education оқу орталығының қызметіне сеніп, ақшасын төлеген ата-аналар енді өз мәселесін шеше алмай сенделіп жүр. Олар Президентке арнайы бейнеүндеу жазып, жағдайды жеке бақылауға алуды сұрады.
Адвокат Әсел Құсайынованың айтуынша, оған қазірдің өзінде орталықтан зардап шеккен 30-дан астам ата-ана шағымданған. Ал жалпы жәбірленушілер саны — 1200 адамнан асады.
«Қаладағы барлық филиал жабық тұр. Ресми парақшасында бір-ақ хабарлама бар, одан басқа ешқандай түсіндірме болған жоқ. Компания өкілдері жұрттың алдына шықпады, жауапкершілік алған да ешкім жоқ. Жалақы бойынша қарыздары жиналып қалғаны белгілі болды. Бар белгілер — компанияның банкроттыққа бара жатқанын көрсетіп тұр. Белсенділер полицияға арыз түсірді, алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ істі азаматтық дауға айналдырып, жауып тастау қаупі өте жоғары. Ата-аналар не істерін білмей отыр: полицияға бара ма? Сотқа ма?» — дейді құқық қорғаушы.
Ата-аналар Президентке үндеу жолдап, мәселені ерекше бақылауға алуды сұрады.
Алматы полиция департаменті Liter.kz редакциясына берген жауабында Бостандық аудандық полиция басқармасы азаматтардың арызы бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлімдеді.
«Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған шаралар жүргізіліп жатыр. Іс барысы департамент басшылығының бақылауында», — делінген ресми жауапта.
Бұған дейін ата-аналар оқу орталығынан қандай да бір түсініктеме алуға тырысқанымен, нәтиже болмаған. Белгілі болғандай, зардап шеккендер арасында орталықтың кейбір педагогтары да бар. Ата-аналар енді құқық қорғау органдарына жаппай шағымдана бастады.
Tesla Education өз түсіндірмесінде келесі аптада әр ата-анаға жеке қаражатты қайтару кестесі ұсынылатынын хабарлаған.
RUS