«Ресей үшін ғана тиімді мәміле»: Еуроодақ Трамптың Украина жоспарына қарсы шықты
Бейбіт келісім жобасы Мәскеуге жұмыс істейді дейді Еуропа саясаткерлері.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еуропалық саясаткерлер мен ресми тұлғалар АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина жөніндегі жоспарына күмән келтіріп отыр. Politico жазғандай, ЕО өкілдері ұсынған талаптарды Ресейге тиімді шарттар деп есептейді.
Еуропаның жоғары лауазымды шенеуніктері құжаттың дайындалуына ЕО елдері мүлде қатыстырылмағанын да сынға алған. Басылым сөйлескен бір ресми тұлға бұл ұсыныстарды «Ресейді қанағаттандыру үшін жасалған тізім» деп бағалаған. Оның айтуынша, Ресейге берілетін кез келген жеңілдік болашақта НАТО елдеріне қарсы жаңа қауіп тудыруы мүмкін.
Тағы бір еуропалық шенеунік Украина президенті Владимир Зеленскийдің қазірдің өзінде ауыр жағдайда отырғанын атап өткен. Ресей әскерінің алға басуы мен елдегі жемқорлық жанжалынан туған ішкі қысым да Зеленскийдің мүмкіндігін шектеп тұр. Сол себепті АҚШ-тың дәл осы кезеңде осындай бастама көтеруі Киев үшін «қолайсыз уақытта» жасалған қадам болып бағаланып жатыр.
Бұған дейін Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренко 28 тармақтан тұратын құжат жариялаған. Онда Қырым, Донецк және Луганск де-факто Ресей аумағы ретінде танылатыны, Украина келісімге қол қойылғаннан кейін 100 күн ішінде сайлау өткізетіні және НАТО-ға кіруден бас тартатыны жазылған.
Reuters дерегінше, Вашингтон бұл шарттарды қабылдау қажеттігі жөнінде Зеленскийге белгі берген. Алайда Украина басшысы ұсынылған талаптарға қанағаттанбай отыр. Ол алдағы күндері осы мәселені Дональд Трамппен тікелей талқыламақ. Financial Times жазғандай, Ақ үй бұл келісімді 27 қараша – Алғыс айту күніне дейін финалдағысы келеді.
Материал авторы