SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы әуежайында тыйым салынған затпен жүрген студентті көлік полициясы ұстады. Бұл туралы Көлік полициясы департаменті басшысының орынбасары Мәлік Қайбар мәлімдеді.
Оның айтуынша, профилактикалық шараларға қарамастан, азаматтар суық қару санатына кіретін, айналымы Қазақстанда шектелген немесе мүлде тыйым салынған заттарды әлі де сатып алып, тасымалдай береді.
2025 жылдың басынан бері:
— суық қаруды заңсыз алып жүруге, сақтауға және тасымалдауға қатысты 496 қылмыстық іс тіркелген;
— 133 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
Қарағанды-Сортировочная станциясында көлік полицейлері Теміртау тұрғынынан тегіс ұңғылы аңшы мылтығын тапты. Сот оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі.
Алматы әуежайында 22 жастағы студенттен 9×18 мм калибрлі патрон табылды. Сот 200 АЕК көлемінде айыппұл салды – бұл 786 400 теңгеге тең.
Мәлік Қайбардың сөзінше, «бір ғана оқ-дәріні рұқсатсыз алып жүрудің өзі заң бұзу болып есептеледі және ауыр салдарға әкелуі мүмкін».
Көлік полициясы азаматтарға теміржол мен әуе нысандарында тыйым салынған заттарды сақтау, тасымалдау немесе біреуге беру әрекеті жағдайдың ауырлығына қарай әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Сондықтан полиция өкілдері заңды қатаң сақтауға және сақтыққа шақырады.
RUS