287

Астанадағы стоматологиядағы сәбидің өлімі: Бір жыл өтсе де, клиника жұмысын тоқтатпаған

Наркоздан оянбаған баланың ісі созылып барады.

Астанадағы стоматологиядағы сәбидің өлімі: Бір жыл өтсе де, клиника жұмысын тоқтатпаған
FangXiaNuo / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы жекеменшік стоматологияда үш жасар қыздың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қайғылы жағдай болғанына бір жылдан асса да, клиника жұмысын тоқтатпаған.

2024 жылдың күзінде 3 жасар балаға күрделі стоматологиялық ем жасалған. Дәрігерлер бүлдіршіннің бірден 18 тісін жалпы наркозбен емдемек болған. Әкесі Талғат Құмаровтың сөзінше, ата-анасы барлық талдауды тапсырып, дәрігерлердің кеңесін алып, ұзақ әрі ауыр процедураға дайын болған. Операция бірнеше сағатқа созылған. Алайда наркоздан оянуы тиіс сәтте қыздың ешқандай реакция бермейтіні белгілі болды.

Жедел жәрдем бригадасы 40 минут бойы қызды аман алып қалуға тырысқанымен, нәтиже шықпады.

«Седация үш жарым сағаттан ұзаққа созылды. Қызым есін жимады. Реанимация кезінде дәрігерлер барын салды, бірақ соңында жүрегі тоқтап, миына ісік түскені айтылды», – дейді әкесі.

Қазір сот алдында тек бір адам – ингаляциялық наркоз берген анестезиолог қана отыр. Оған кәсіби міндетін тиісінше орындамады деген айып тағылып, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ жәбірленуші тарап бұны жеткіліксіз деп санайды.

«Бұл іс бойынша сұрақ тек анестезиологқа ғана емес, стоматологқа да, клиникаға да қойылуы тиіс. Трагедия дәл осы клиникада болды, бірақ олар жұмысын жалғастырып отыр. Прокуратурадан мекеме басшылығының әрекетіне де құқықтық баға беруді сұраймыз», – дейді отбасының адвокаты Руслан Айтжанов.

Клиника жетекшісі Надежда Хон түсініктеме беруден бас тартып отыр. Айтуынша, ол да сараптама қорытындысын күтіп отыр. Оның сөзінше, оқиға болған күні анестезиолог жұмыстан шыққан, содан бері клиника жалпы наркозбен қызмет көрсетпейді. Алайда стоматолог әлі де пациент қабылдап жүр.

Іс бойынша сот баяу жылжуда. Соңғы отырыс айыпталушының адвокаты сырқаттануына байланысты кейінге қалдырылған. Судья қорғау тарабына уақыт бергенімен, тағы бір рет кейінге қалса, адвокатты ауыстыру туралы шешім қабылданатынын ескерткен.

Келесі сот тыңдалымы 27 қарашаға белгіленді. Қыздың отбасы істің ақыры созылмай, дәлелдер жан-жақты қаралатын кезең басталады деп үміттеніп отыр.

Материал авторы