Қызылордадағы 15 шенеунік кәсіпкерлікке қысым көрсеткені үшін жазаланды
Прокуратура бизнеске араласқан басшыларды әшкереледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысында кәсіпкерлікке заңсыз араласқан шенеуніктерге шара қолданылды. Облыстық прокуратура бизнеске қолдау көрсету бағытында тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылық анықтағанын хабарлады.
«Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында өңір прокуроры Ризабек Ожаров кәсіпкерлермен кездесіп, бизнестің дамуы үшін заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы қажет екенін атап өтті. Кездесу барысында кәсіпкерлер жиі көтеретін мәселелер талқыланды.
Прокуратура биыл бірқатар нәтижеге қол жеткізгенін айтады: жалпы құны 743 млн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба мақұлданып, төрт тоқтап тұрған кәсіпорынның жұмысы қайта жанданған. 3 187 кәсіпкердің құқығы қорғалып, олардың пайдасына 1,9 млрд теңгеден астам қаражат өндірілген.
Сонымен қатар, 45 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде облыстық және аудандық деңгейдегі 15 басшы бар. Тағы төрт адам кәсіпкерлікке заңсыз араласқаны және тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.
Прокуратура 590 кәсіпкердің қызметіне заңсыз тексеріс жүргізудің жолын бөгегенін, оның 190-ы – Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан болғанын атап өтті. Сондай-ақ 21 тексеріс материалын келісуден бас тартқан.
Қадағалаушы орган аймақтағы кәсіпкерлік ортаны қорғауды әрі қарай да бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Материал авторы