«Әр отбасыға бақыт» деп алдаған «ELL QUATY» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды
Тұрғын үй уәдесімен сендірген кооперативтің құпиясы әшкере болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҚМА-ның Абай облысы бойынша департаменті тұтыну кооперативі ретінде жасырылған «ELL QUATY» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Тергеу дерегінше, ұйымдастырушылар азаматтарды «HALYK QUATY» атты кооперативке мүше болуға үгіттеп, пәтер мен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеуге болады деп сендірген. Ол үшін адамдардан пай жарналарын енгізуді талап еткен.
Жүйе halykquaty.kz сайты мен әлеуметтік желілер арқылы белсенді жарнамаланып, «Әр отбасыға бақыт!» деген ұранды пайдалану арқылы өзін «халықтық кооператив» ретінде көрсетуге тырысқан. Сонымен қатар «HALYK» тауарлық белгісін заңсыз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін атауын «ELL QUATY» деп өзгерткен.
Жаңа салымшыларды тарту үшін түрлі маркетингтік акциялар жасалған. Тіпті ұйым басшылығы «Солнечная Турция» деп аталатын туристік жолдамаларды ұтысқа қойып, көпшілікті сендіруге тырысқан.
Тергеу мәліметінше, қаржыны «заңды айналым» етіп көрсету үшін ұйымдастырушы өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС тіркеп, салымшылардан түскен қаражатты осы компанияның атынан «кәсіби және техникалық қызметтердің төлемі» ретінде шығарған. Алайда мұндай қызметтер іс жүзінде көрсетілмегені анықталды.
Жалпы, пирамидаға 1,5 мыңнан аса адам тартылып, олардың салымы 6,8 млрд теңгеге жеткен. Ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
Материал авторы