Алматы полицейлері «Қайрат» клубымен бірге Данияға аттанды
Екі күннен соң «Копенгаген» – «Қайрат» ойыны өтеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының полицейлері 26 қарашада Копенгагенде өтетін «Копенгаген» – «Қайрат» футбол матчы алдындағы дайындыққа аттанды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Мәліметке сәйкес, қоғамдық қауіпсіздік басқармасының орынбасары Тимур Ноғайбаев пен Әуезов аудандық полиция басқармасының орынбасары Дәурен Майлықбаев халықаралық матчтағы қауіпсіздік тәжірибесін зерттеу мақсатында Данияға барған.
«Сапардың мақсаты – халықаралық футбол матчтарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін зерттеу: стадион инфрақұрылымы, бақылау режимі, жанкүйерлердің қозғалыс маршруты, құқық бұзушылық алдын алу шаралары және қауіпсіздік қызметтерімен өзара әрекеттесу», – деп хабарланды.
Үш күн бойы полицейлер екі тілде видео күнделік жүргізіп, халықаралық матчтардағы тәжірибені Алматыдағы стадиондағы ойындарды ұйымдастыруда қолдануға мүмкіндік алмақ.
Алматының «Кайрат» футболшылары УЕФА Чемпиондар Лигасы аясында Дания астанасында өтетін матчқа бүгін аттанды. 26 қарашада команда Копенгагеннің «Паркен» стадионында ойнайды. Ойын жергілікті уақыт бойынша сағат 18:45-де басталады (Қазақстан уақытымен 22:45).
Материал авторы