«Айка тізімі»: VIP сутенер Айка бостандыққа шықты
Айканың тізімінде танымал әншілер мен шенеуніктер табылып, іс дауға айналған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Элиталық эскорт» ісі бойынша айыпталып, 2024 жылы 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған Айка есімімен танымал блогер уақытша бостандыққа шықты. Абай облысындағы Жарма аудандық соты оның жазасын екі жылға кейінге шегерді. Шешімнің себебі – Айканың 2020 жылы туған кішкентай баласы бар.
Сот оның жеке мінездемесін, колониядағы тәртібін және материалдық міндеттемелерінің жоқтығын ескерген. Бір ескертуі, бір марапаты бар, жеңілдетілген тәртіппен ұсталуы да назарға алынған. ҚР ҚК-нің 74-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға рұқсат беріледі. Айканың ісі бұл тізімнен тыс.
Сот шешімінде «баланың мүддесі және қылмыстың ауырлығы» ескерілгені жазылған. Осыған байланысты жазылмаған мерзім екі жылға шегерілді. Бұл уақытта ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады.
2024 жылдың 21 мамырында Алматының Әуезов аудандық соты Айканы аса ірі көлемде психотроп заттарды заңсыз алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жезөкшелікке жәрдемдесу және секс-қызметтер ұйымдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Оған мүлкін тәркілеумен 6 жыл 6 ай жаза тағайындалды. Онымен бірге қозғалған серіктесі – 3 жыл 8 айға сотталды.
Айка бұған дейін Алматыдағы элиталық эскорт желісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде белгілі болған. Дегенмен әлеуметтік желілерде өзін модель және lifestyle-блогер ретінде көрсетіп, 120 мыңнан астам жазылушыларына сәнді өмір салтын насихаттап келген.
2023 жылғы маусымда ІІМ оны құпия чаттар мен жабық аккаунттар арқылы VIP-клиенттерге арналған «жеке кештерді» ұйымдастырды деген күдікпен ұстаған. Тергеу дерегінше, ол модельге ұқсас қыздарды таңдап, қалталы клиенттермен кездесулердің логистикасын жүргізген.
Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында «Айканың тізімі» деп аталған, элиталық эскорттың клиенттері туралы делінген құжаттар интернетке тарап, елді дүрліктірген. Бұл материал бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2024 жылдың көктемінде тергеу Антикорға берілсе, 2025 жылғы қайта құрылымдаудан кейін іс ҰҚК құзыретіне өткен.
Материал авторы