«Головкинді «Гена» деп атауды тоқтатыңдар»: Дирекция БАҚ пен жанкүйерлерге ескерту жасады
World Boxing президенті атанған Головкинге қатысты жаңа талап айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген журналистер мен жанкүйерлерге Геннадий Головкинге тек аты-жөнімен – «Геннадий Геннадьевич» деп жүгінуді өтінді. Бұл туралы ол өз жазбасында мәлімдеді.
Төлеген Головкинді World Boxing ұйымының президенті болып сайлануымен құттықтап, оның алдағы қадамдары бүкіл әуесқой бокс әлемінің назарында болатынын айтты. Оның сөзінше, GGG аса күрделі мұраны қабылдап отыр.
Ол 1988 жылғы Сеул Олимпиадасынан бері бокс төрелігіне қатысты жанжалдар толастамағанын еске салды. Қазіргі таңда да боксшыларға қарсыласты нокаутқа түсіруді талап ету қалыпты жағдайға айналғанын, ал 10–12 унциялық перчаткамен бұл жиі мүмкін болмайтынын атап өтті. Мұндай жағдайда әділ жеңіске жету қиындап бара жатқанын айтты.
Сонымен бірге Аян Төлеген Головкинге қатысты этика мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 43 жастағы спорт қайраткерін бұқаралық ақпарат құралдары мен жанкүйерлер «Гена» деп атауды доғару керек.
«Бұл – ең алдымен құрмет мәселесі. Ол әлемдік спорттағы ең беделді тұлғалардың бірі. Біз өзіміз бастап, оған лайықты мәртебесін көрсетуіміз қажет. Сондықтан материалдарда да, посттарда да, трибунадағы қолдауда да — тек «Геннадий Геннадьевич» деп атау керек», — деді ол.
Еске салайық, осы аптада Римде өткен World Boxing конгрессінде Геннадий Головкин ұйым президенті ретінде ресми түрде бекітілді. Рәсімнен кейін ол делегаттарға арнайы үндеу жасап, кейін әлеуметтік желілерде тағайындалуына қатысты пікір білдірген.
Материал авторы