356

Маңғыстауда қытайлар 300 млн долларлық теңіз портын салады

Жаңа порт жүк жеткізу уақытын 15 күнге қысқартпақ.

Маңғыстауда қытайлар 300 млн долларлық теңіз портын салады
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында жаңа теңіз портының құрылысына арналған ірі жоба қолға алынбақ. Үкімет отырысында өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың мәліметінше, Қытайдың Chongyun International компаниялар тобы 300 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Әкімнің айтуынша, инвестор Маңғыстауда заңды тұлға ретінде тіркеліп, инвестициялық келісімге қол қоюға қажетті құжаттарды дайындап жатыр. Жергілікті әкімдік порт салынатын аумақты анықтап қойған, қазір жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Жоба жүзеге асса, Қытай-Қазақстан-Ақтау-Баку-Поти-Еуропа бағыты бойынша жаңа халықаралық көлік дәлізі қалыптасады. Бұл жүк жеткізу уақытын небәрі 7–15 күнге қысқартып, тасымал шығынын 18-25 пайызға төмендетеді. Сонымен қатар өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады.

Қилыбайдың сөзінше, инвестормен логистикалық хаб салу арқылы инвестиция көлемін ұлғайту жөнінде қосымша келіссөздер жүргізілген. Портқа арналған учаскеге жақын жерден көлік-логистикалық орталықты кеңейтуге қосымша жер де резервке қойылған. «Батыс қақпасы» тұжырымдамасы аясында еркін сауда аймағын құру да қарастырылып отыр.

Әкім 2025 жылы Ақтауда жаңа теңіз вокзалын орналастыруға лайық бос жер қалмағанын айтты. Осыған байланысты ол қымбат әрі ұзақ құрылысқа бармай, дайын инфрақұрылымы бар Құрық портындағы вокзал­ды пайдалануды ұсынған. Бұл жөнінде Көлік министріне ресми хат жолданған.

Актаудағы контейнерлік хабты дамыту порттың контейнер өткізу мүмкіндігін 70 мың TEU-ден 240 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Саржа» көпфункциялы теңіз терминалы бойынша Ақтауда теңіз түбін тереңдету жобасы басталды. Құны — 42,1 млрд теңге. Жұмыс үш кезеңге бөлінген, алғашқысы 2025–2026 жылдары жүзеге асады. Қазір Көлік министрлігі жобаны қаржыландыруға қаражат бөлу мәселесін қарастырып жатыр.

Құрық пен Алят порттары арасында тұрақты паром қатынасын жолға қою үшін Грузия инвесторымен келіссөздер өткен. Нәтижесінде грузин компаниясы Қазақстан туы астында жүруге арналған алты паром сатып алуды ұсынған. Оның екеуі алынған, қазір Бакуде тұр; тағы екеуін сатып алу жоспарланған. Барлық жұмыс мерзімінде орындалса, екі паром келесі жылдың алғашқы жартысында іске қосылады.

Әкімнің айтуынша, аталған жобалар толық жүзеге асқанда, 2030 жылға қарай елдегі теңіз порттары мен терминалдардың жылдық өткізу қабілеті 22,3 млн тоннадан 60 млн тоннаға дейін өседі. Салада 2700 жаңа жұмыс орны ашылады.

Материал авторы