541

Тоқаев Головкинді World Boxing басшысы боп сайлануымен құттықтап, орден тақты

Головкинге «Барыс» ордені табысталды.

Тоқаев Головкинді World Boxing басшысы боп сайлануымен құттықтап, орден тақты
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев World Boxing халықаралық федерациясының президенті қызметіне сайланған Геннадий Головкинді қабылдап, жаңа лауазымын құттықтады. Президент бұл шешімді әйгілі спортшының әлемдік боксқа сіңірген еңбегі мен жоғары беделінің халықаралық деңгейде мойындалуы деп атады.

Президент Головкиннің қазақ бокс мектебінің дәстүрін әлемге танытқанын, Қазақстанды бокс державасы ретінде орнықтыруға айрықша үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысы оның табандылығы, тәртібі және қайсарлығы арқылы қол жеткізген жетістіктері миллиондаған жастың жігерін жанитынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының Ұлттық олимпиада комитетіндегі қызметіне де жоғары баға берді. Оның бастамаларының арқасында федерациялармен байланыс күшейіп, Халықаралық Олимпиада комитетімен жұмыс ілгерілегені атап өтілді.

Президент World Boxing басшысы ретінде Головкинді жаңа міндеттер күтіп тұрғанын айтты. Бұл ұйымды басқарып отырған алғашқы қазақстандық екенін атап, оның кәсіби тәжірибесі федерацияның жұмысын жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді отандық спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Головкин өзіне көрсетілген сенім мен қолдау үшін алғыс айтып, Қазақстанда және халықаралық аренада бокстың беделін көтеру бағытындағы жұмысын жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Материал авторы