SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдерін ұрлау, заңсыз тасымалдау және контрабандаға қатысты жасырын схемаларды анықтау жұмысын жалғастырып келеді. Polisia.kz таратқан мәліметке қарағанда, қараша айында ведомство бірнеше өңірде бірден бірнеше қылмыстық арнаны бұғаттаған.
Ақтөбе облысында полицейлер мұнай өңдеудің бастапқы өнімдерін жалған құжаттармен шығарып, тасымалдап отырған топтың әрекетін анықтады. Тергеу дерегінше, ұйымдастырушылардың нұсқауымен жүк көліктерінің жүргізушілері екі өңір аумағында шамамен 60 тонна мұнай өнімін заңсыз тасымалдаған. Барлығы ұсталып, айғақ заттар тәркіленді.
ІІМ сонымен бірге мұнай өнімдерін рұқсатсыз сақтайтын жасырын қоймалар мен техникалық қондырғылар да табылғанын хабарлады. Қылмыстық схемалардың жолын кесу бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Министрлік бұл бағыттағы жұмыстардың тоқтамайтынын, мұнай нарығындағы көлеңкелі айналымды қысқарту – ведомствоның басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
RUS