Жолда тәртіп сақтағандар – құрметтеліп, айыппұлдан қашқандар – ұсталып жатыр

26.11.2025, 09:48
114
Жолда тәртіп сақтағандар – құрметтеліп, айыппұлдан қашқандар – ұсталып жатыр ПД

Елімізде көлік көбейгені соншалық, қала жолдарының өзі таршылық ете бастады. Бұл – тұрмыс жақсарғанының белгісі. Бірақ екінші жағынан, рөлге тәжірибесіздердің үйірілуі жолдағы тәртіпті құлдыратып, апат пен жарақаттану көрсеткішін арттырып тұр.

Оқиғалардың басым бөлігі жүргізушінің көлікті меңгере алмауынан туындайтыны жасырын емес. Тәжірибесі толық, ережені жатқа білетін жүргізушілер көп болса, жолдағы қайғы-қасірет те азаяр еді.

Сондықтан мінсіз тәртіп сақтағандарды көпшілікке үлгі ету бастамасы пайда болды. Ережені ешқашан бұзбағандарды анықтап, марапаттау – жаңа үрдіс.

Алматыда полицейлер жол ережесін бірде-бір рет бұзбаған жүргізушілерге алғыс хат, сертификат және естелік сыйлықтар табыстады. Әзірге он адам «мінсіз жүргізуші» деп танылып отыр. Бұл марапат «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасының аясында жүзеге асуда. Бастама тоқтамайды, жалғаса береді.

Ізгі іс өзге өңірлерге де тарай бастады. Қарағандыда 30 жыл бойы жол ережесін мүлде бұзбаған жүргізуші анықталып, көпшілікке таныстырылды. Ол – жергілікті тұрғын Светлана Швачкина. Үш онжылдық бойы бірде-бір айыппұлсыз, бірде-бір апатсыз келе жатқан тәжірибелі жүргізуші. Тіпті өзі №95 мектеп-гимназиясында жас инспекторлар үйірмесін жүргізіп, балаларға жол қауіпсіздігін үйретеді. Яғни, жолдағы мәдениеттің өзі оның кәсібімен сабақтас.

Өкінішке қарай, мұндай үлгілі жүргізушілер аз. Керісінше, айыппұлы басынан асып, төлемей қашып жүргендер толып жатыр.

Мәселен, Алматыда биыл миллиондап айыппұл жинап алғандардың көбі ұсталды. Камераға қайта-қайта түсіп, айыппұлын төлемей жүрген жүргізушілер тәртіп сақшыларының назарына жиі ілігеді. Шілдеде бір тәуліктің ішінде осындай алты адам ұсталған. Олардың ішінде 5,5 миллион теңгеден аса қарызы бар «Тойота» иесі және 1 миллион 086 мың теңге айыппұлы бар «Тойота Альфард» жүргізушісі болды. Барлық көлік айыппұл тұрағына қойылып, қарыз өндіру шаралары басталған.

Былтыр да жағдай мәз болмаған. Өткен жылы Алматыда 6,5 миллион теңгеден көп айыппұлы бар электр көлігі тоқтатылған: жүргізуші ережені 189 рет бұзған, жылдамдықты асырған, қоғамдық көлік жолағына кірген, жалған нөмір таққан. Көлік айыппұл тұрағына жөнелтілген.

Тағы бір мысал – 19 жастағы жүргізуші. Ол да Алматы жолдарында 195 рет ереже бұзып, 7 миллион теңге айыппұл жинаған. Кейде жалған нөмір тағып, жылдамдықты 200 шақырымға дейін үдеткен. Сот оны әкімшілік қамауға алып, көлігін тәркілеп, барлық айыппұлын өтеуге міндеттеді.

Ашық шындық – жолдағы тәртіпсіздік қоғамды шаршатты. Жаяу жүргінші де, жолаушы да, тіпті тәжірибелі жүргізушінің өзі де жолға шыққанда уайымдап отырады. Көлік көбейген сайын қауіп те еселеп өсуде. Апат саны азаймай тұр, жылдан жылға талай адамның тағдыры жолда үзіліп жатыр.

Сондықтан ережені мүлтіксіз орындайтын, тәртіпті жүргізушілердің қатарын көбейтіп, оларды қоғамға үлгі ету – аса маңызды қадам. Жол мәдениетін көтеретін шынайы тірек – осындай жауапкершілігі берік адамдар.

 

Авторы Серік Алдан

Бектеновсіз өткен сот: Алимов заңсыз өндірілген 8,2 млн теңгені қайтарғысы келмей отыр Ердоған Түркістанда кортежін тоқтатып, тұрғындармен амандасты (ВИДЕО) Семейде балаларға қарап әдепсіз әрекет жасаған ер адам ұсталды (ВИДЕО) Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары бесінші рет ана атанды Баян Алагөзова өзін «Баян-шаян» деп келемеждеген емшіні сотқа бермек «Өзімді Ресейдегі өзбектей сезіндім» деген ресейлік әйел қамауға алынды Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі неге әлеуметтік желіден жоғалып кеткенін ашып айтты «Баспен құлады»: Ақмола облысында 61 жастағы ер адам биіктіктен құлап көз жұмды Боралдайда 70 мың теңге үшін 26 жастағы жігіт қаза тапты Қазақстан мұражайлары мұражай күніне орай TikTok-тың халықаралық бастамасына қосылады «Көршілерім құтқарып қалды»: Алматылық әйел өзіне фельдшер тиіспек болғанын мәлімдеді Астанада білім мен ғылымдағы коучингтің рөлі талқыланды Қытайдан көлік алған қазақтардың шоттары жаппай бұғатталып жатыр Қазақстан армиясы жаңа соғыс форматына бейімделіп жатыр «Миллион теңге де жетпейді»: Бақытжан Базарбек депутаттардың айлығы неге жетпейтінін түсіндірді Трамп Си Цзиньпинді «Голливуд фильмдеріне лайық образ» деп атады Шетел азаматтығын жасырған отбасы Қазақстаннан қуылды «Человек в маске» ауыр дертке шалдыққан жігіттің өмірін бір күнде өзгертті (ВИДЕО) Теңге тағы қысымда: 15 мамырдағы валюта бағамы жарияланды Шаңды дауыл, найзағай, аптап ыстық: 15 мамырда елді қолайсыз ауа райы күтіп тұр