SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция билігі Ресей мүддесіне жұмыс істеді деген күдікке ілінген SOS Donbass ұйымына қатысты тергеу аясында үш адамды ұстады. Тергеу материалдары бойынша, күдіктілер ел ішінде қоғамдық пікірді Мәскеу пайдасына өзгертуге тырысқан.
AFP агенттігінің хабарына сәйкес, 26 қарашаға қараған түні екі ер адам мен бір әйел ұсталған. Олар Ресейдің пайдасына тыңшылық жасауға және ақпараттық ықпал етуге талпынған деген күдікке іліккен.
Париж прокуратурасы Ресей азаматы, 40 жастағы Вячеслав P.-нің қыркүйек айында Салтанат қақпасына проресейлік постерлер ілгенін мәлімдеді. Ол бейнебақылау арқылы анықталған. Плакаттарды жапсырғаннан кейін күдікті SOS Donbass ұйымының жетекшісі Анна Н. мен тағы бір азаматқа хабарласқан.
Анна Н. — Ресей және Франция азаматтығы бар 40 жастағы әйел. Тергеу оның француз экономикасындағы тұлғалардан ақпарат алуға тырысқанын анықтап отыр. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі DGSI оны жыл басынан бері бақылауға алған. Тергеу органдары оны «шет мемлекеттің пайдасына тыңшылық жасады» деп күдіктеп, оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.
Үшінші күдікті — 63 жастағы Винсент П., Париж маңында тұрады. Ал төртінші күдікті — 58 жастағы Бернар Ф. — қамауға алынбағанымен, сот бақылауына алынып, полицияға апта сайын белгі беру міндеттелді.
Өздерін гуманитарлық ұйым ретінде таныстыратын SOS Donbass шығыс Украинаға көмек жеткіземіз деп мәлімдейді. Алайда француз барлау қызметі бұл құрылымды Францияда тыңшылық және елді дестабилизациялау әрекеттерін жүргізді деп санайды.
RUS