375

Ақмола облысында ер адам мектеп оқушысын үйіне шақырып әкетпек болды

Мектепке бара жатқан балаға бейтаныс адам тосын шабуыл жасады.

Ақмола облысында ер адам мектеп оқушысын үйіне шақырып әкетпек болды
instagram.com/step_notsleep

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Степногорск тұрғыны әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның күндізгі уақытта оның ұлын үйіне ертіп әкетуге әрекет жасағанын хабарлады. Оқиға бала мектепке бара жатқан кезде болғанын әйел айтып отыр.

Анасының сөзінше, ол терезеден сыртқа қараған сәтте бейтаныс ер адамның баласына жақындап, жан-жағына көз жүгіртіп, кейін қолынан тартып әкетуге тырысқанын көрген. Әйел дауыстап айқай салған соң күдікті қашып кеткен.

Жәбірленуші бала ер адамның өзіне кәмпит ұсынып, «қонаққа барайық» деп шақырғанын, өзі бас тартқанда қолынан сүйреп әкетпек болғанын айтқан.

Баланың анасы күдіктінің белгілерін былай сипаттайды: жасы шамамен 40-қа таяу, денелі, үстінде мехі бар қызыл күртеше, қара жең, қою сұр бас киім және джинсы. Әйел оның «косолапая» жүрісі барын да атап өткен.

Степногорск қалалық полициясы оқиға туралы хабар тіркелгенін растады.
Құқық қорғаушылар ер адамның жеке басын анықтау және мән-жайды толық тексеру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Полиция қала тұрғындарын балаларға барынша назар аударып, күмәнді жағдай туындаған сәтте бірден «102»-ге хабарласуға шақырады.

Материал авторы