Оралдық әйел ресейлік паспортын жасырғаны үшін ірі көлемде айыппұл арқалады
Әйелдің қос азаматтықпен жүргені әшкере болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында Орал қаласының тұрғыны ресейлік азаматтық алғанын жасырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімі бойынша әйелге 393 200 теңге айыппұл салынды.
Әйел ресейлік азаматтықты 2022 жылдың қыркүйегінде алған, алайда заңға сәйкес мемлекеттік органдарға хабарламаған. Бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабының 2-бөлімі бойынша қарастырылатын құқық бұзушылық болып саналады.
Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындады, бұл жеңілдетуші мән-жай ретінде есептелді. Сот оны кінәлі деп танып, әкімшілік айыппұл салды. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Жамбыл облысында және Павлодар қаласында да екі азаматқа қос азаматтық үшін айыппұл салынған. Жамбылда тұрғын Ресей азаматтығын алып, Қазақстан азаматтығын сақтағаны үшін 400 мыңға жуық теңге төлеуге міндеттелді. Павлодарда бір азамат АҚШ азаматтығын алған, бірақ органдарға хабарламағандықтан 800 мың теңгеге жуық айыппұл төледі.
Материал авторы