360

Депутат министрден энергетикалық сусындарды қатаң бақылауға алуын талап етті

21 жасқа дейінгілерге сатылымды шектеу бақылаусыз қалды дейді депутат.

Депутат министрден энергетикалық сусындарды қатаң бақылауға алуын талап етті
podacha-blud.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілістің «AMANAT» фракциясы энергетикалық сусындар нарығын шектеуге бағытталған заңның толық орындалмауын сынға алып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан ресми түсініктеме талап етті.

2024 жылдың 8 шілдесінде жастар денсаулығын қорғауға арналған заң қабылданып, энергетикалық сусындардың айналымына қатаң талаптар енгізілген еді. Негізгі нормалар бойынша, 21 жасқа толмағандарға энергетик сату тоқтатылуы тиіс, ал өнімді кәдімгі салқындатқыш сусын ретінде жасырын ұсынуға тыйым салынған. Сонымен қатар, барлық сауда орындары энергетиктерді басқа тауарлардан бөлек қоюға міндеттелді. Өндірушілерге арнайы таңбалау талабы енгізілді.

Алайда бұл ережелер қабылданғанына бір жарым жыл өтсе де, толық күшіне енбеген. Себебі әкімшілік жауапкершілік жөніндегі өзгерістер Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске тек өткен аптада ғана енгізілді. Депутаттар мұны «министрліктердің берген уәдесі орындалмағанының айқын көрінісі» деп бағалап отыр.

Салдарынан бақылау органдары осы уақытқа дейін бұзушылықтарды анықтаса да, жазалай алмай келген. Энергетикалық сусындар бүгінде көп дүкенде әлі де қарапайым сусындармен қатар сатылып жатыр. Бұл жағдай мемлекеттік органдардың орындаушылық тәртібі мен нарық ойыншыларының ықпалы туралы сұрақ туғызады.

Депутаттар энергетиктердің бақылаусыз тұтынылуы жасөспірімдерде ауыр салдарға әкеліп жатқанын атап өтті. Мұндай сусындар жүйке жүйесін әлсіретеді, ұйқыны бұзады, тәуелділік тудырады. Кальянға қатысты бірнеше жыл бойы шынайы қадағалаудың болмауы да бизнес тарапынан реттеуге қарсылық бар екенін көрсетеді.

Фракция мәлімдемесінде: «Жас ұрпақтың денсаулығын жоғалту – ел үшін орны толмас шығын. Заңдарды орындауды созу халықтың мемлекеттік органдарға сенімін төмендетеді және денсаулық сақтау саясатының тиімділігін күмәнға салады» делінген.

Бейсенбаева министрден төмендегі мәселелер бойынша түсініктеме беруді сұрады:

  1. Неліктен әкімшілік жауапкершілік нормалары заң қабылданғаннан кейін бір жарым жыл өткенде ғана енгізілді?

  2. Министрлік 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап нормаларды күшіне енгізу жөніндегі жария уәдесін не себепті орындамады?

  3. Бұл жағдайға жол берген лауазымды тұлғаларға қандай тәртіптік шара қолданылмақ?

  4. Энергетикалық сусындардың толық бақылауын қамтамасыз ететін нормативтік акт нақты қашан әзірленеді?

Материал авторы