Ақ үй маңында ұлттық гвардиясына оқ атқан адамның Ауғанстаннан келгені анықталды
Трамп оқиғаны «теракт» деп атады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Вашингтондағы Ақ үй маңында екі ұлттық гвардия жауынгеріне оқ жаудырған күдіктінің Ауғанстаннан шыққаны анықталды. Бұл туралы 27 қарашада CNN құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сүйеніп хабарлады. АҚШ президенті Дональд Трамп болған оқиғаны «теракт» деп атады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті АҚШ-қа 2021 жылы келген және Вашингтон штатында тұрған. CNN ФБР күдіктінің саусақ іздері арқылы оның жеке басын сәйкестендіргенін жазады. Ол 2024 жылы босқын мәртебесін сұрап, 2025 жылдың басында алған. AP агенттігі оның есімін Рахманулла Л. деп жариялады. Тергеу әлі жалғасып жатыр.
26 қарашада белгісіз адам Ақ үйге жақын Фаррагут алаңында тұрған екі ұлттық гвардия қызметкеріне оқ атқан. Екі сарбаз да ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары олардың қаза тапқанын хабарлаған, алайда бұл мәлімет расталған жоқ. Батыс Виргиния губернаторы Патрик Морриси да бастапқыда қате ақпарат таратқанын мойындады.
AP мәліметінше, сарбаздардың біріне басынан жарақат тиген. Күдікті атыс кезінде жараланып, қазір ауруханада, бірақ өміріне қауіп жоқ.
Президент Трамп арнайы мәлімдемесінде ішкі қауіпсіздік департаментінің күдіктінің Ауғанстаннан келгенін нақтылап отырғанын айтты. Ол бұл оқиғаны «Ұлттық гвардияға жасалған террорлық шабуыл» деп сипаттады.
Материал авторы