SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде көпқабатты үйдің лифтісінде басқару панеліне түкірген ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл оқиға бейнекамераға түсіп қалған. Ер адам кінәсін мойындап, өкінгенін жеткізген.
Соттың ресми Telegram-каналы бойынша, іс «Жалпы пайдалану орындарын ластау» бабы (ҚР ӘҚБК, 434-2-бөлім 1) бойынша қаралды. Ер адам лифт панеліне түкіріп, қоғамдық орындарды ластау әрекетіне барғаны видеожазба мен басқа да материалдармен толық дәлелденген.
Сот жеңілдетуші жағдай ретінде кінәні мойындауы мен өкінуін ескерді. Ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. Нәтижесінде ақтөбелік 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің бірінде лифттегі түкірген ер адам камераға түсіп, полиция тез арада оның жеке басын анықтаған.
RUS