404

Стоматологиядағы қыздың өлімі: Анестезиолог жедел жәрдемнің орнына танысын шақырған

Астанада 3 жасар қыздың бірден 18 тісін емдемек болған емхананың ісі сотта қаралып жатыр.

Стоматологиядағы қыздың өлімі: Анестезиолог жедел жәрдемнің орнына танысын шақырған
FangXiaNuo / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада тіс дәрігерінің креслосында көз жұмған үш жастағы қыздың өліміне қатысты іс бойынша сотта бейнежазбалар зерттеліп жатыр. Тергеу эпизодтары көрсеткендей, клиниканың анестезиологы Жұмағалиева шұғыл жағдайда «жедел жәрдем» шақырудың орнына өзіне таныс әріптесін шақырған.

Жәбірленуші тараптың адвокатының айтуынша, оқиға болған сәтте шақырылған дәрігер клиника қызметкері болмаған, ал жедел жәрдемге хабарласу мүлде кешіктірілген.

Сотта түсініктеме берген Жұмағалиева бұл әрекетін «реанимациялық көмекті жедел көрсету үшін реаниматолог маман қажет болды» деп түсіндірді. Оның сөзінше, жедел жәрдем бригадасы құрамындағы дәрігер реаниматор емес, ал қызға сол мезетте толыққанды реанимациялық көмек керек болған.

Судья «Неге алғашқы минуттарда жедел жәрдемге қоңырау шалынбады?» деп сұрағанда, айыпталушы тек 4 минуттан кейін ғана қоңырау соққанын мойындады. Ол сондай-ақ жүрек соғысы тоқтағаннан кейін дефибриллятор қолданбағанын айтты. Судьяның «Бұл кезде баладан айырылып бара жатқаныңызды түсіндіңіз бе?» деген сұрағына Жұмағалиева: «Иә, жүрек толығымен тоқтады» деп жауап берді.

Іс материалдарына сәйкес, клиникадағы жабдықтар талапқа сай болмаған, шұғыл көмекке қажетті құралдардың толық жиынтығы жоқ болған. Прокурор Еркебұлан Шалқаровтың айтуынша, жоспардан тыс тексеру барысында анестезияға дайындық, кабинеттердің жабдықталуы және медициналық стандарттарды сақтау бойынша өрескел бұзушылықтар анықталған.

Қыз 2024 жылдың 30 қазанында Севоран препаратымен ұзақ анестезияға алынған. Отадан кейін оянбаған. Реанимация нәтижесіз болған. Өлімнің себебі — жүректің тоқтауы мен ми ісінуі.

Денсаулық сақтау министрлігі трагедиядан кейін стоматологияларға жаппай тексеріс жүргізу-жүргізбеу мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

Материал авторы