Ақтауда прокурор «жеңіл жаза үшін» 2,5 млн теңге талап еткен
Прокурор кінәсін толық мойындап, өз жазасына жеңілдік сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда Маңғыстау көлік прокуратурасының қызметкеріне қатысты үкім шықты. Сот дерегінше, прокурор қылмыстық іске тартылған тұрғынға «жазаны жеңілдетіп беру» үшін 2,5 млн теңге сұраған.
Қалалық соттың мәліметінше, айыпталушы прокурор сыбайласы екінші тұлғамен бірігіп, жәбірленушіден бостандығын шектеу жазасын тағайындау үшін ақша талап еткен. Екі айыпталушы да кінәсін толық мойындап, істегеніне өкінетінін айтып, соттан жеңіл жаза сұраған.
Үкім шығару кезінде сот олардың кінәсін мойындауын, өкініш білдіруін және асырауындағы жас балалары барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Прокурор алаяқтық жасауға оқталды деп танылып, 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан айырылды. Ал сыбайласы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, тараптар шағым түсіре алады.
Материал авторы