SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа мен құдайы ас дастарханында орын алып жүрген ысырапты тоқтату мақсатымен бірыңғай мәзір бекітті.
Ережеге сәйкес, енді аза үстіндегі дастарханға салат, торт, бәліш, түрлі жеміс-жидек сияқты молшылықты білдіретін тағамдар қоюға жол берілмейді.
Бекітілген тізімде небәрі алты негізгі өнім бар:
– нан өнімдері: бауырсақ пен шелпек;
– сусын: шай мен су;
– ыстық тағам: ет немесе палау.
Қосымша ретінде сары май, талқан, тары, қант пен кәмпит ұсынылған. Бұлардан өзге тәтті бәліштер мен әртүрлі салаттар жаңа тізімге кірмейді.
Имам Өмірзақ Бекқожа ысырап исламда қатты тыйым салынғанын атап өтті. Оның айтуынша, аза үстіндегі басты мақсат — келген жамағатқа қарапайым ас беру, бәсекеге жол ашу емес.
«Бұл құжатты халыққа жеткізу — бар имамның міндеті. Осындай тәртіп арқылы жаназа дастарханы қарапайым, бірізді болады деп үміттенеміз», — деді ол.
Жаңа талап Арқалықта, Павлодар мен Абай облыстарында, сондай-ақ Жезқазғанда енгізілген. Дін мамандарының пікірінше, қаралы отбасының үстелі молшылықтың емес, сабыр мен құрметтің белгісі болуы тиіс. Ал салтанатқа ұқсас дастархан — азаның мәнін жояды.
RUS