SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтауға шешім қабылдады. Реттеуші бұл деңгей инфляцияны тежеуге жеткілікті деп есептейді.
Қазан айында жылдық инфляция 12,6%-ға тоқтады (қыркүйекте — 12,9%).
Баға өсімі әлі де жоғары динамикада:
– азық-түлік инфляциясы 13,5%-ға дейін жеделдеді (12,7%);
– азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%-ға қымбаттады (10,8%);
– қызметтердің бағасы 12,9%-ға дейін баяулады (15,3%), бұл коммуналдық тарифтердің әкімшілік жолмен төмендетілуімен байланысты.
Ұлттық банк сұраныстың әлі де ұсыныстан басым екенін, ал тариф реформасы мен ЖЖМ нарығын либерализациялау бағаға қосымша қысым жасап тұрғанын атап өтті. Сыртқы инфляциялық қысым да сақталып отыр — әлемдік азық-түлік бағасы жоғары деңгейде қалды.
Реттеуші алдағы үш жылға арналған болжамдарын да жаңартты:
– 2025 жылы инфляция 12,0–13,0% шегінде,
– 2026 жылы — 9,5–12,5%,
– 2027 жылдың соңында — 5,5–7,5% деңгейіне дейін баяулауы тиіс.
Болжамды түзетуге биылғы нақты инфляцияның жоспардан едәуір жоғары шығуы және инфляциялық күтулердің көтерілуі себеп болған. Сонымен бірге реттеуші алдағы жылдары «инфляция + 5%» формуласы бойынша реттелетін тарифтердің жоспарлы өсімін ескеріп отыр.
10 қазанда базалық мөлшерлеме 18%-ға дейін көтерілген еді. Сол кезде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция төмендей бастағанға дейін ақша-кредит саясаты қатаңдатылатынын мәлімдеген. Кейін ол 2026 жылы мөлшерлемені кезең-кезеңімен төмендету циклі басталуы мүмкін екенін айтқан.
RUS