3221

«Күнәсі үшін жазалап жатыр»: Блогер ерекше балаларды қорлап, қоғамда дау тудырды (ВИДЕО)

Балаларды «жаза» деп атаған блогердің ісін Динара Закиева министрлікке жолдады.

«Күнәсі үшін жазалап жатыр»: Блогер ерекше балаларды қорлап, қоғамда дау тудырды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарын қорлап, оларды «бұзылғандар» деп сөйлеген блогер Gulnara.blogger төңірегінде үлкен дау туды. Ол өз әлеуметтік желісінде мүгедектігі бар балалардың дүниеге келуін «күнә үшін жаза» деп атаған. Түрлі қауымдастықтар, ата-аналар мен мемлекеттік органдар мұндай мәлімдемені адамгершілікке де, заңға да қайшы деп айыптап отыр.

Gulnara.blogger жариялаған видеода:

«Ақыры өмір «***-тардың» жазасын беріп жатыр… мүгедектігі бар балалар неге көп? Аутизм, ішектің бітелуі… мұның бәрі бұзылғандықтан. Тіпті бұзылған әйелді алудың өзі қауіпті. Ауру балалар туады. Тәубеге келу керек, рухани тазару керек…» — деген сөздер айтылған.

Бұл мәлімдеме ата-аналардың, әсіресе ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандардың ашу-ызасын туғызды. Көпшілік блогерді адам қадірін қорлау, кемсіту және жалған айыптауы үшін жауапқа тартуды талап етуде.

Блогер Перизат (feye4ka) әріптесінің сөзін қатаң сынға алып:

«Бұл әйел тікелей қылмыстық жауапкершілікке сұранып тұр. Ерекше балалардың аналарына «бұзылған» деп жала жапты. Балаларымыздың мүгедектігін күнәмен байланыстыру — бұл хайп емес, бұл қылмыс. Бұл — жала, денсаулық жағдайы бойынша кемсіту, ар-намысты қорлау. Гүлнара, сіз кінәсіз балаларды жерге таптап, аналарды қорладыңыз. Енді бұл видеоны тергеуші дәлел ретінде тыңдайды», — деді.

Қоғамдық қысым күшейген соң блогер алғашқы видеоны өшіріп тастады, бірақ артынан мәндес екінші бейне жариялап, желідегі парақшаларының қолжетімділігін шектеді.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да жағдайға араласты.

«Блогер тарапынан ерекше қажеттіліктері бар балаларға қатысты қорлау болғаны туралы шағымдар түсіп жатыр. Мұндай кемсітуге жол берілмейді. Балаларды қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мен бұл материалды ІІМ-ге жолдап, процессуалдық шешім қабылдауды сұрадым», — деді ол.

 

Материал авторы