Атырау маңында мұсылман зираттарын әлдебіреу қиратып кеткен
Тұрғындар бүлінген құлпытастарға қатысты тексеріс жүргізуді талап етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласына іргелес Еркінқала ауылында жергілікті тұрғындар мұсылман зиратының бірнеше құлпытасы бүлінгенін анықтады. Қорымдағы бірқатар бейіттердің үстіндегі ай таңбалары сындырылған.
Куәгерлердің айтуынша, зақымданғаны — тек жеке бөлшектер ғана емес, толық орнатылған символдар да. Ауыл тұрғындары мұны кездейсоқтық деп санамайды және әдейі жасалған вандализм болуы мүмкін деп топшылайды.
Еркінқала тұрғыны Ербол болған жағдайды ауыр қабылдағанын айтады:
«Жақындарымыздың бейітін көруге келсек — айшықтары сынған. Оған ешкімнің қол сұғуға құқығы жоқ. Не болғанын, кімнің істегенін білгіміз келеді», — дейді ол.
Құлпытастардың қасақана бұзылғаны не болмаса табиғи факторлар әсер еткені әзірге белгісіз. Дегенмен ауыл тұрғындары аумақты тексеріп, нақты себебін анықтауды талап етіп отыр.
Материал дайындалған сәтте полиция да, ауыл әкімдігі де ресми түсініктеме берген жоқ. Тұрғындар биліктен зираттағы қауіпсіздікті күшейтуді сұрап, мұндай оқиғаның қайталанбауын талап етуде.
Материал авторы