SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада ерекше күтімдегі балалар туралы қорлайтын мәлімдемелер жариялаған блогер ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бұл ақпаратты елордалық полиция растады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода блогер балалардың мүгедектігін «бұзақылықтың салдары», «рухани жазалау» секілді түсініктермен байланыстыруға тырысқан. Бұл сөздер ерекше балалардың ата-аналарының ашу-ызасын тудырды.
Балалар омбудсмені Динара Закиева ІІМ-ге жүгініп, блогердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.
Астана қаласы ПД мәліметінше, видеодағы ата-аналар мен балаларға қатысты қорлайтын сөздерге байланысты әкімшілік іс қозғалды.
«Жарияланған контент авторы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ұсақ бұзақылық бабы бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», — делінген хабарламада.
Полиция желіде қорлаушы контент тарату заңмен жазаланатынын, мұндай әрекеттер заң аясында қатаң тоқтатылатынын ескертті.
Сонымен қатар азаматтардан желіде материал жариялағанда қоғамның моральдық нормаларын, басқа адамдардың құқығы мен сезімін құрметтеуді сұрады.
RUS