SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ташкентте өткен Транскаспий дәлізі мен өзара байланыс жөніндегі Инвесторлар форумында Еуропалық Одақ Ақтау портына қаржылық қолдау бөлетіні жария болды. Порт басшысы Дәурен Құтпанбаев ЕО грантын беру жөніндегі келісімге қол қою рәсіміне қатысты.
Бұл құжат — Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан €35 млн несие және ЕО-ның €10 млн көлеміндегі қайтарымсыз грантынан құралған қаржылық пакет бойынша жүргізілген ұзақ келіссөздердің нәтижесі.
ЕО мен ЕҚДБ бірлесіп жүргізген зерттеу Ақтауды Транскаспий халықаралық көлік маршрутының негізгі түйіндерінің бірі деп айқындаған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, бөлінетін қаражат екі айлақты реконструкциялау мен ұзартуға, сондай-ақ ауа райына төзімді айлақ крандарын сатып алуға жұмсалады. Бұл контейнерлік жүк айналымын едәуір арттырып, порттың қуатын күшейтеді.
Жаңғырту нәтижесінде Ақтау портының өткізу қабілеті 0,5 млн тоннадан астам ірі жүкке ұлғаяды. Сонымен қатар бір мезетте төрт толық жүк кемесіне қызмет көрсетуге мүмкіндік туады.
ЕО бұған дейін Транскаспий дәлізін дамытуға €10 млрд бөлуге дайын екенін мәлімдеген. Дәліздің орталық буыны саналатын Қазақстан осы қаржыға сүйеніп, порттық, теміржол және логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыт ұстай алады. Бұл елдің аймақтағы жетекші транзиттік хаб ретіндегі позициясын күшейтуге және транзиттік кірістерді арттыруға жол ашады.
RUS