2882

Семейде боқтық сөз үшін стендап-комик қамауға алынды

Әлеуметтік желіге тараған видео комикті түрмеге апарды.

Семейде боқтық сөз үшін стендап-комик қамауға алынды
instagram.com/zhu.standup

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде стендап-блогер Әлібек Жұмабаев сахнада балағат сөз қолданғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды. Оқиға 22 қарашада кешкі сағат 21:00 шамасында қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен стендап-шоу кезінде болды. Сол сәттің видеосы әлеуметтік желіге тарап, полицияның назарын аударған.

Абай облысының полиция департаменті жарияланған бейнежазбаны тексеріп, комикті қоғамдық орында бейәдеп сөз қолдану фактісі бойынша жауапқа тартты.

Ресми дерекке сәйкес, сот Жұмабаевты кінәлі деп танып, бес тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Полиция қоғамдық шаралар — оның ішінде әзіл-сықақ жанрындағы қойылымдар — қоғамдық мораль нормаларын сақтай отырып өтуі тиіс екенін ескертті. Көрерменді «таңғалдыру» немесе «еркін өнер көрсету» деген желеумен боқтық сөз айту заң бұзушылық болып саналады.

Стендап-комик кейін әлеуметтік желіде алдағы бірнеше күнін қайда өткізетіні туралы әзіл-сықақ жазбасын жариялады.

Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттер әрі қарай да жазасыз қалмайтынын, қоғамдық тәртіп пен мәдени мінез-құлықты сақтау бағытында шаралар жалғасатынын мәлімдеді.

 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор