2070

Жәнібек Әлімханұлының допинг қолданғаны рас па? WBO ресми тергеу бастады

Әлімханұлының командасы сынаманың қайта тексерілуін сұрап жатыр.

Жәнібек Әлімханұлының допинг қолданғаны рас па? WBO ресми тергеу бастады
instagram.com/janibek_alimkhanuly

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әлемдік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг-тесті оң нәтиже бергенін ресми растады. Оқиғаға байланысты ішкі тергеу жүріп жатыр.

Ұйым мәліметінше, 2 желтоқсанда WBO ВАДА-дан (VADA) ресми хабарлама алған. Тексеру жоспарланған титулдық жекпе-жек қарсаңында, яғни Жәнібек Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лара арасындағы шайқас алдындағы стандартты допинг-бақылау аясында жүргізілген.

«Спорттағы адалдық, қауіпсіздік және әділдік қағидаларына сай, біз ішкі тергеуді бастадық. Боксшы мен оның командасына түсініктеме беру туралы ресми талап жолданады. Барлық ақпарат пен құжат регламентке сай қаралады», – делінген WBO арнайы түсініктемесінде.

Ұйым спортшының ағзасында тыйым салынған заттың бар-жоғына өзі жауапты екенін тағы бір рет атап өтті:

«WBO спортшының ниетін, кінә деңгейін немесе қасақана қолданған-қолданбағанын дәлелдеуге міндетті емес».

Тергеу жалғасып жатқандықтан, WBO қосымша пікір бермейтінін айтты.

Бұған дейін журналист Дэн Рафаэль жекпе-жектің өтпей қалуы мүмкін екенін жазған еді. Бірақ ресми түрде жекпе-жек әлі күнге дейін күшінде. Айқас 6 желтоқсанда өтуі тиіс. Лара — WBA чемпионы, ал Әлімханұлы WBO және IBF белбеулерін иеленген (IBF әзірге ешқандай түсініктеме бермеді).

Жәнібектің өзі X парақшасында алғашқы тестінің таза болғанын хабарлады. Ал екінші сынамадағы жағдайға байланысты командасы қайта тексеру сұратқан. Оның сөзінше, бірнеше ай бойы рационы мен қолданатын қоспалары өзгермеген.

Журналист Рафаэль таратқан мәліметке сүйенсек, бокстың қазақстандық чемпионының ағзасынан мельдоний табылған. Бұл зат жүрек және қан айналымы мәселелерінде медициналық мақсатта қолданылады, ал 2016 жылдан бері кәсіби спортта толықтай тыйым салынған.

Материал авторы