Қостанай облысында полициядан қашқан жүргізуші қаза тапты
Ал көліктегі жолаушы ауруханада жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Лисаков қаласында полицияның тоқтау талабын елемеген жүргізуші жантүршігерлік жол апатына ұшырап, оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Halyqstan жазды.
Қаза тапқан ер адамның көлігінде туған бауыры отырған. Ол ауыр жарақат алғанымен, Қостанай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өміріне төніп тұрған қауіп сейіліп, жансақтау бөлімінен профильдік палатаға ауыстырылды.
Облыстық ПД дерегінше, ВАЗ-21093 автокөлігін басқарған жүргізуші жолда қауіпті маневр жасап, жаяу жүргіншілерді өткізбеген. Автокөлік мемлекеттік нөмірсіз жүрген. Патруль инспекторларының заңды талабына бағынбай, ол қашуға әрекеттенген.
«Айналма жолайрығында жүргізуші қарсы бағытқа шығып, жарық бағанына соғылды. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты, ал жолаушы ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады полиция.
Апат фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Материал авторы