SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, микрокредиттер көлемі 1 қазанда 1,3 трлн теңгеге жетті. Үшінші тоқсанда өсім 2,3% болды. Негізгі серпін — ломбардтардың белсенділігі. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жазды.
Агенттіктің дерегінше, микрокредит берудің артуына қарамастан, сектор активтері керісінше төмендеген. Тоқсан қорытындысы бойынша активтер 1,7%-ға азайып, 3,5 трлн теңгені құрады. Бұл ең алдымен несиелік портфельдің 3,7%-ға қысқаруынан (3 трлн теңгеге дейін) болған.
Төмендеудің басты себебі — бизнеске берілетін қарыздардың кемуі. Кәсіпкерлерге арналған несие көлемі 7,7%-ға азайып, 1,8 трлн теңгеге түсті. Агенттік мұны МҚҰ KMF-тің банк мәртебесіне өтуінің аяқталуымен түсіндіреді: портфельдің бір бөлігі жаңа форматқа ауыстырылған.
Сонымен қатар сектордағы портфель сапасы жақсарған. 90 күннен астам мерзімі өткен проблемалық қарыздардың үлесі (NPL90+) жыл басындағы 4,6%-дан 4,4%-ға дейін төмендеген.
Сегменттер бойынша жағдай әртүрлі: халыққа берілетін кредиттер бойынша мерзімін өткізу 6,0%-дан 6,4%-ға өскен, ал бизнес қарыздарында 3,1%-дан 3,3%-ға дейін көтерілген.
Үшінші тоқсанда реттеуші тарапынан бақылау күшейді. АРРФР 148 әкімшілік шара қолданды: 102,9 млн теңгеге 126 хаттама, 18 жазбаша нұсқама, бір лицензияны 90 күнге тоқтату және үш лицензияны толық күшін жою тіркелді.
Негізгі заңбұзушылықтар — уәкілетті орган нұсқамаларын орындамау және заңнаманы жүйелі түрде бұзу.
Агенттік мәліметінше, 1 қазан 2025 жылғы жағдай бойынша секторда 215 микроқаржы ұйымы, 209 кредиттік серіктестік және 473 ломбард жұмыс істейді. Активтердің ең ірі бөлігі МҚҰ-ға тиесілі — 1,7 трлн теңге (47,8%). Кредиттік серіктестіктердің активтері — 1,3 трлн теңге (37%), ломбардтардікі — 526 млрд теңге (15,2%).
RUS