1526

АҚШ БҰҰ-ның украин балаларын қайтару жөніндегі резолюциясын қолдады

БҰҰ Ресейден украиналық балаларды дереу қайтаруды талап етті.

АҚШ БҰҰ-ның украин балаларын қайтару жөніндегі резолюциясын қолдады
UNICEF/UNI716910/Filipov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымының Украинаның күштеп әкетілген балаларын қайтаруды талап ететін резолюциясын қолдады. 3 желтоқсанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының төтенше арнайы сессиясында құжатқа 91 мемлекет дауыс берді, оның ішінде Вашингтон да бар.

Резолюция Ресейден «украиналық балаларды дереу, қауіпсіз және шартсыз түрде қайтаруды» талап етеді. Құжатты ұсынушылар қатарында Украина мен Канада болды. Дауыс беруге 160 мемлекет қатысты: 12 ел қарсы шықты (оның ішінде Ресей, Беларусь, Куба, Иран, КХДР), тағы 57 мемлекет қалыс қалды.

Резолюцияда Мәскеуге балаларды отбасынан ажырату, олардың жеке мәртебесін өзгерту, азаматтық беру және оларды өзге отбасыларға орналастыру тәжірибесін тоқтату жөнінде қатаң үндеу жасалған. Украинаның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ресей кемінде 20 мың украин баласын депортациялаған. Олардың бір бөлігі ғана елге қайтарылған.

Ресей тарабы айыптауды жоққа шығарды. Дауыс беруге дейін Ресейдің БҰҰ жанындағы өкілінің орынбасары Мария Заболоцкая бұл резолюция «Ресей балаларды депортациялады» деген «негізсіз нарратив» алға тартады деп мәлімдеді. Оның сөзінше, көрсетілген 20 мың бала туралы дерек ресми тізімдермен расталмаған. Ресей Өздерінің айтуынша, балалардың бір бөлігін Украинадан Ресейге «қауіпсіздік мақсатында» әкелген.

Украина билігі 2022 жылдан бері 19,5 мыңнан астам баланың Ресейге әкетілгенін, олардың 1605-ін ғана қайтаруға мүмкіндік болғанын айтады. Балаларды алып кету фактілері Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың Владимир Путин мен РФ балалар омбудсмені Мария Львова-Беловаға қарсы ордер шығаруына негіз болған.

Материал авторы