1422

Енді зейнетақы қорындағы ақшаға көз емдетуге болмайды

«Отбасы банк» бүгіннен бастап өтініш қабылдауды тоқтатады.

Енді зейнетақы қорындағы ақшаға көз емдетуге болмайды
medcity.pro

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда зейнетақы жинағынан алынатын біржолғы төлемді көзді емдетуге пайдалану құқығы алынып тасталады. «Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап офтальмология қызметтеріне өтінім қабылдау тоқтайтынын хабарлады.

Банк мәліметінше, аталған күнге дейін жіберілген барлық өтініш қаралып, бекітілген рәсім бойынша өңделеді.

Бұған Денсаулық сақтау министрлігінің біржолғы зейнетақы төлемін емделуге жұмсау тәртібіне енгізген өзгерістері себеп болған. 3 желтоқсанда жарияланған жаңа бұйрыққа сәйкес, енді бұл қаражатты стоматологиялық қызметтерге де, офтальмологияға да пайдалану мүмкіндігі жойылды.

Қазіргі таңда «Отбасы банк» базасында «офтальмология» бағыты бойынша 15 808 өтініш тіркелген. Жалпы сома — 13,3 млрд теңге. Оның ішінде:

  • 5 131 өтініш (4,6 млрд теңге) — банк тексеруінде;

  • 10 677 өтініш (8,7 млрд теңге) — құжаттарды толықтыруды талап етеді.

Стоматологиялық қызметтерге өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқаны байқалған. Мысалы, 15 қыркүйекке дейін айына орта есеппен 174 өтініш мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есе өсіп, 1 264 өтінішке жеткен.

Банк күмәнді жағдайлардың да анықталғанын хабарлады. Бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаған түрлі клиенттердің құжаттарында әр қалада орналасқан әртүрлі мекенжайлар көрсетілген. Тексеру барысында аталған мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені анықталған.

Сонымен бірге біржолғы төлемді денсаулық сақтаудың басқа бағыттарына пайдалану мүмкіндігі сақталады. Зейнетақы қорындағы қаражат мынадай қымбат әрі маңызды ем түрлеріне жұмсалады:

— орфандық ауруларды емдеу;
— реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
— радионуклидтік және радиойодтерапия;
— радиохирургиялық емдеу;
— протонды терапия.

Банк Зейнетақы қоры бағдарламасы жұмысын жалғастыратынын және бекітілген медициналық қызмет түрлері бойынша қолжетімді болып қалатынын атап өтті.

Материал авторы