Америкалық сарапшы Жәнібектің «ерекше» статусын мойындамауға шақырды
Жәнібек Әлімханұлының сынамасынан мельдоний табылған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, боксты шолушы LDUBB Boxing арнасының авторы Буг Уильямс екі танымал боксшының допинг дауына қатысты пікір білдірді. Ол пуэрторикандық Сабриэль Матиас пен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының сынамаларынан тыйым салынған заттар табылғанын айтып, бұған дейін екеуіне таңылып келген «бугимен» мәртебесінен бас тарту керегін мәлімдеді.
«Бокстағы екі «қорқыныш бейнесі» Матиас пен Жәнібек допингтен оң нәтиже көрсетті. Бұл терминді қолданудың енді қажеті жоқ деп ойлаймын», — деп жазды ол Х желісінде.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлының 15 қарашада алынған сынамасынан мельдоний анықталған еді. Осы жағдайдан кейін WBO ішкі тергеу бастаған. Ал 7 желтоқсанда өтуі тиіс болған, WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жек ресми түрде тоқтатылды.
Материал авторы