SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль Газа секторындағы шиеленіс қайта күшейгенін растады. ЦАХАЛ әскері Рафах маңында израильдік жауынгерлерге жасалған шабуылға жауап ретінде Газаның оңтүстігіне әуе соққысын жасағанын мәлімдеді. Әуе операциясының нысанасы — осы оқиғаға қатысы бар деп танылған ХАМАС мүшесі.
Палестиналық ақпарат құралдары Аль-Маваси босқындар лагеріне жасалған соққыдан бес адам қаза тауып, 32 тұрғын жараланғанын хабарлады. Израиль армиясы дерегінше, «Голани» бригадасының барлау бөлімшесі Рафахтың шығыс бөлігіндегі туннельден шыққан бірнеше қарулы адаммен бетпе-бет келген. Қарсы жақ атыс бастаған.
Бұл оқиға қазан айынан бері салыстырмалы түрде сақталып тұрған әлсіз бітімге кезекті соққы болды. Тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп жиі айыптағанымен, толыққанды қақтығысқа қайта оралмауға тырысып келеді.
Осыған дейін ХАМАС Газада қалған тұтқындардың бірі — 42 жастағы Таиланд азаматы Судатисак Ринтхалактың денесін қайтарды. Ол 2023 жылғы 7 қазанда қаза тапқан. Енді Газада соңғы бір тұтқынның сүйегі ғана қалды — 7 қазанда Алумим қауымында қаза тапқан израильдік полиция сержанты Ран Гвили.
Израиль билігі жақын күндері палестиналықтарға Рафах шекара бекеті арқылы Газадан шығуға рұқсат берілетінін хабарлады. Өтетін уақыт пен тәртіп Египетпен келіссөзден кейін жарияланбақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 16 500-ден аса адам шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.
RUS