1497

Маңғыстауда 20 жастағы құрылысшы алтыншы қабаттан құлап көз жұмды

Жас жұмысшы лифт шахтасына құлап кеткен.

Маңғыстауда 20 жастағы құрылысшы алтыншы қабаттан құлап көз жұмды
lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында 20 жастағы құрылысшы биіктіктен құлап қаза тапты. Оқиға Мұнайлы ауданы аумағындағы құрылыс нысандарының бірінде болды. Бұл ақпаратты облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті растады.

Ресми мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай 4 қарашада тіркелген. Кран арқылы құм толы науа жоғарғы қабатқа көтерілгеннен кейін, құмды түсіріп болған жұмысшы қозғалып кетпек болған сәтте тепе-теңдігін жоғалтқан. Соның салдарынан ол ашық тұрған лифт шахтасына құлап кеткен.

Жедел жәрдем бригадасы шамамен жарты сағаттан кейін келгенімен, жас жігіт алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Ведомство өкілі жұмыс беруші — ЖК «Сариев С. Ж.» және тапсырыс беруші «AN-GroupM» ЖШС бұл оқиға туралы еңбек инспекциясына уақытында хабарламағанын айтты. Бұл – еңбек қауіпсіздігі саласындағы заң талаптарының өрескел бұзылуы.

Қазір облыстық еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрды. Мамандар апаттың нақты себептерін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын және жауапты тұлғалардың әрекетін тексеріп жатыр. Тергеу қорытындысы шыққаннан кейін қосымша ақпарат жарияланады.

Материал авторы