2436

БҚО-да танысының 6 жастағы қызын сұрап алып, орманда зорлаған ер адам өмір бойына сотталды

Қыз бен ер адам орман арасынан табылған еді.

БҚО-да танысының  6 жастағы қызын сұрап алып, орманда зорлаған ер адам өмір бойына сотталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында бес жасар қызды ұрлап, зорлаған 32 жастағы тұрғынға ең ауыр жаза кесілді. Бұл туралы облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сот хабарлады.

Қылмыс 2025 жылдың 22 тамызында Тасқала ауылында болған. Сол күні ауыл тұрғыны бес жасар қызының жоғалғанын айтып, полицияға жүгінген. Іздеу жұмыстары түні бойы жүргізіліп, таңертең бүлдіршін ауыл шетіндегі орман жиегінен ес-түссіз күйде табылды. Қыз дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер зорлық белгілерін растады.

Тергеу барысында күдіктінің қыздың анасымен таныс екені және сол күні олардың үйіне қонаққа барғаны анықталды. Кешке қарай ер адам баланы дүкенге апарып, «балмұздақ алып беремін» деп алдап сыртқа шығарған. Дүкендегі бейнебақылау камералары сол сәтті толық тіркеп үлгерген.

Сот мәліметінше, тәтті алғаннан кейін айыпталушы бүлдіршінді бөтен көзден таса жерге алып барып, заңсыз ұстап, кәмелетке толмағанның жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы ауыр қылмыс жасаған.

Айыпталушы кінәсін мойындаудан бас тартқан. Алайда оның бұған дейін де ауыр қылмыс үшін сотталғаны, әрі сол кездегі соттылығы әлі жойылмағаны анықталды. Сот мұны қауіпті рецидив деп танып, ең қатаң жаза тағайындады.

Үкім бойынша күдікті адам ұрлау және кәмелетке толмағанды зорлау баптары бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жазасын ол аса қауіпті режимдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор