Алматыда стоматологияға барған бала көз жұмды
Полиция тергеуді қайта қарап жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жекеменшік стоматологияда жасалған операциядан кейін үш жастағы бала көз жұмды. Бұл туралы Tengrinews.kz редакциясына марқұмның туыстары хабарлады. Отбасы медициналық қызметкерлердің салғырттығы қайғылы жағдайға себеп болды деп санайды. Ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, екі ай өткен соң қылмыстық іс жабылған.
Бала 13 сәуір таңертең стоматологиялық тексерістен кейін жоспарланған операцияға жеткізілген. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер бірден 20 тісті емдеу керегін айтып, шамамен төрт сағатқа созылатын жалпы анестезияға рұқсат алған.
«Баланы таңғы жетіде операцияға алып кетті. Анестезия ретінде «Севоран» қолданылған. Процедура төрт сағат емес, бес жарым сағаттан аса созылды. Түскі бір жарымда баланы өте әлсіз күйде алып шықты. Соған қарамастан, клиника оны үйге жіберді. Бақылауда қалдыруға да құлық танытпады», — дейді марқұмның тәтесі.
Үйге келген соң баланың жағдайы жақсармаған. Кешке қарай баланың денесі құрысып, беті көгерген.
«Жедел жәрдем ұзақ келмеді. Ата-анасы өздері ауруханаға апарды. Бірақ дәрігерлер оны аман алып қала алмады», — дейді туыстары.
Бала сол күні, 13 сәуірде көз жұмған.
Полицейлер қылмыстық іс қозғағанымен, екі айдан кейін істі тоқтатқан. Отбасы шешім туралы ресми түрде хабарланбағанын айтады.
Олар стоматологияға сотқа дейінгі шағым жолдап, операциядан кейін бірнеше рет клиникаға хабарласып, баланың жағдайына алаңдағанын жеткізген. Алайда қызметкерлер «қауіп жоқ» деп сендіріп отырған. Ал операцияны жүргізген дәрігер телефон қоңырауларына жауап бермей, тек мессенджер арқылы жазбаша байланысқан.
Сот-медициналық сараптама өлім себебі ретінде ми ісінуімен асқынған энцефалопатияны, оған әкелген жедел бүйрек жеткіліксіздігін және генерализденген жедел ЖРВИ-ді көрсеткен.
Туыстар бұл қорытындымен келіспейді. Олардың айтуынша, операция алдында да, сол күні де балада вирустық ауру белгілері болмаған. Бұған алдын ала тапсырылған қан талдауы да дәлел, дейді олар.
Отбасы басты себеп — ұзақ уақытқа созылған наркоз деп есептейді.
Алматы полиция департаменті тергеу толық әрі объективті жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Материалдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілген. Қорытынды шыққан соң тиісті шара қабылданады.
Клиниканың адвокаты Елена Жанатованың айтуынша, тексеру кезінде баланың жағдайында наркозға қарсы көрсетілімдер болмаған.
«Клиникалық белгілер де, талдау нәтижелері де операцияны кейінге қалдыруды талап етпеді. Баланың барлық өмірлік көрсеткіштері процедура барысында тұрақты болды. Анестезиолог операциядан кейін баланы қарап, үйіне жіберген. Барлық медициналық құжаттар тергеушілерге тапсырылды», — дейді адвокат.
Бұған қоса, бір жастағы және мектепке дейінгі балаларда көптеген тісті бір сеанста жалпы анестезиямен емдеу — халықаралық тәжірибеде кең тараған әдіс екенін атап өтті.
Материал авторы