Сәбидің 18-20 тісін бірден емдеу: Ұйықтатып қойып, оята алмай қалды
Астанада үш жасар Зеренің өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға Dent-Park клиникасында бір жыл бұрын болған. Тергеу дерегінше, тіс дәрігері мен анестезиолог сәбидің 18 тісін бір сәтте емдеуге шешім қабылдап, ұзақ уақыттық анестезия қолданған. Бала наркоздан оянбай, көз жұмған.
Отбасы адвокаттары медициналық стандарттар өрескел бұзылғанын айтады. Сараптама қорытындысына сәйкес, қыздың тісін емдеу алдында өкпе қызметі толық қалпына келмегені ескерілмеген. Бала бұған дейін пневманиямен ауырған. Сол себепті «Севоран» анестезиясын төрт жарым сағат бойы қолдану жедел гипоксияға, жүрек тоқтауына және ми ісінуіне әкелуі мүмкін болған.
Сонымен қатар анестезиологтың кәсіби дайындығына қатысты да сұрақ көп: іс материалдарында оның балалар анестезиологиясы бойынша талап етілетін жеті жылдық тәжірибесі болмағаны, біліктілігін соңғы рет 2019 жылы арттырғаны көрсетілген. Дәрігерге Қылмыстық кодекстің «медицина қызметкерінің міндетін тиісінше орындамауы» бабы бойынша айып тағылды.
Бұл оқиға сабақ болмаған сияқты. Биыл сәуірде Алматыда осындай жағдай қайта қайталанды. Жекеменшік стоматологияда бес жасар баланың 20 тісін бірден емдеу жоспарланған. Ота бес жарым сағатқа созылған. Бала наркоздан кейін толық есін жинамай, бірнеше сағаттан соң құрысу ұстап, түнде көз жұмған. Әкесі дәрігерлердің отадан кейінгі жағдайды бақылауда салғырттық танытқанын айтады. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Бұл екі оқиға жас балаларға ұзақ мерзімді анестезиямен күрделі стоматологиялық ем жасаудың қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсетті. 4–5 сағаттық наркозды бала ағзасы көтермеуі мүмкін, әсіресе жақында ауырған болса. Дәрігерлердің мұқият тексеруі, қауіп-қатерді нақты бағалауы және бір сеанста ондаған тісті емдеуден бас тартуы – қарапайым, бірақ маңызды талап.
Қауіпсіздікке жауапты мамандар да, тісін емдетуге келген ата-аналар да бұл қайғылы оқиғаларды ескеріп, шешімді абайлап қабылдауы тиіс.
Авторы Серік Алдан