Арнайы шот не үшін қажет?
Жаңа Салық кодексіне сай, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар барлық қаржы операциясын арнайы банк шоты арқылы жүргізетін болады. Ұлттық банк әзірлеген жаңа қаулы шот ашу тәртібі мен қолма-қол ақшасыз төлемдер ережесін өзгертуді көздейді. Қаулы 22 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда.
Өзгерістердің негізгі мақсаты — гранттар мен басқа да мемлекеттік қолдау құралдары бойынша қаражаттың қалай жұмсалатынын қадағалауды күшейту. Яғни, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау күшейеді. Сонымен бірге қаржылық сауаттылықты арттырып, гранттармен жұмыс істеудің бірыңғай тәртібі қалыптасады.
Жеті режимнің ішіндегі үшеуі — оңтайландырылған
Жаңа салық кодексінде жеті арнайы режим қарастырылған. Соның үшеуі оңтайландырылған режим болып саналады, олардың қатарына:
1. өзін-өзі жұмыспен қамтығандар;
2. жеке кәсіпкерлер;
3. шаруа және фермер қожалықтары кіреді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған талаптар
Бұл режим жалдамалы қызметкер ұстамайтын, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтарға арналған. Үкімет бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізіміне ғана қолданылады.
Негізгі шарттар:
– жылдық табыс АЕК-тің 300 есесінен аспау тиіс (2026 жылы шамамен 1,2 млн теңге);
– жеке табыс салығынан босатылады;
– табысынан 4% көлемінде әлеуметтік төлем төлейді;
– 2% — міндетті зейнетақы жарнасы;
– 1% — әлеуметтік аударым;
– 1% — МӘМС жарнасы.
Төлемдер қалай жүргізіледі?
Барлық табыс мобильді қосымшада белгіленеді, ал жүйе төлемдерді автоматты түрде есептеп отырады.
Интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететіндер үшін жарналарды оператор аударады.
Ал байланыс жоқ ауыл-аймақтарда азаматтар төлемді өздері есептейді.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар:
– 1% міндетті зейнетақы жарнасын;
– 1% жұмыс берушінің МЗЖ-сын төлейді (өйткені бұл режимде жұмыс беруші ретінде өзі саналады).
Жеке кәсіпкерлер мен фермерлерге арналған оңтайландырылған режим
Бұл топтың төлемдері жоғарырақ:
– табысының 10% — міндетті зейнетақы жарнасы;
– жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы 2026 жылы 3,5% болады;
– кейін жыл сайын өсіп, 2028 жылы 5%-ға жетеді.
Зейнетақы жарналары табыс түскен айдан кейінгі айдың 25-іне дейін аударылуы керек.
Мемлекеттің мақсаты — миллиондаған азаматты зейнетақы және әлеуметтік жүйеге тарту, шағын бизнеске түсетін жүктемені жеңілдету және толық цифрлық салық әкімшілендіруіне көшу. Бұл көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруы тиіс.
Авторы Серік Алдан
RUS