2335

Астанадағы базарлар тексерілді: Қарақұмықтың бағасын 82%-ға көтергені әшкере болды

Сауда комитеті төрағасы базарларды аралап, бағаны тексерді.

Астанадағы базарлар тексерілді: Қарақұмықтың бағасын 82%-ға көтергені әшкере болды
Sputnik / Сергей Венявский

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылау мақсатында тексеріс жүргізілді. Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев мереке қарсаңында нарықтағы бағаны мониторинг жасап, кейбір дүкендерде негізсіз үстеме қосылғанын анықтады.

Мәселен, елордадағы бір азық-түлік дүкенінде қарақұмық 500 теңгеден сатылған. Алайда, дүкен оны 275 теңгеден сатып алған және 82 пайыз үстеме қосып, бағасын көтерген. Шекті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс болғандықтан, қарақұмықтың дұрыс бағасы 316 теңге шамасында болуы керек еді.

Комитет төрағасы Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне тексеріс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, ол «Сауран», «Шанхай-Көк базар», «Шарын», «Сарыарқа», «Асем», «Астаналық» және «Ұлжан» базарларын аралап, мереке қарсаңында бағаны негізсіз көтермеуді тапсырды. Ет пен көкөністі делдалсыз, тікелей шаруалардан жеткізу мәселесі де қаралды.

«Сауда министрлігі мереке кезінде бағаны тұрақты ұстау үшін кешенді жұмыс жүргізеді. Сауда желілері мен базарлар қатаң бақылауда болады. Ірі импорттаушылармен жеке жұмыс жүргізу арқылы қараша айында әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты болды. Мереке қарсаңында тек әлеуметтік азық-түлік емес, халық жиі тұтынатын тауарлар бағасын да тұрақтандыру шараларын қабылдаймыз», – деді Ернұр Жәутікбаев.

Материал авторы