840

Қазақстанды қақаған суық қыса бастады: бүгін бұрқасын, көктайғақ және қатты аяз күшейеді

Синоптиктер 30 градусқа дейінгі аяз туралы ескертті.

Қазақстанды қақаған суық қыса бастады: бүгін бұрқасын, көктайғақ және қатты аяз күшейеді
Zoran Milich / Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірнеше өңіріне 9 желтоқсанға арналған бірқатар дауылды ескертулер жарияланды. «Қазгидромет» дерегінше, ел аумағының басым бөлігінде қар, бұрқасын, көктайғақ күшейіп, ауа температурасы небәрі бір тәуліктің ішінде күрт төмендейді.

Ұлытау облысы. 9 желтоқсанда түнде және күндіз өңірдің солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде қар мен көктайғақ болады. Солтүстік пен шығыста тұман түседі. Жезқазғанда тұман мен көктайғақ күтіледі. Сондай-ақ АРКӨ ескертуіне сай, 9 желтоқсанда аймақта аяз 10–15 градусқа дейін, солтүстігінде 20 градусқа дейін төмендейді. 10 желтоқсанда суық 15–20 градусқа, шығыста 25 градусқа дейін қатаяды.

Қарағанды облысы. 9 желтоқсанда қар, бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні облыстың батысы, шығысы және оңтүстігінде 15–20 м/с-қа жетеді. Қарағанды қаласында күндіз жаяу бұрқасын болады. Аяз түнде және күндіз 15–20 градусқа дейін төмендейді, солтүстік-батыста 25 градусқа дейін күшейеді. 10–11 желтоқсанда түнгі суық 22–27, солтүстік-шығыста 32 градусқа дейін күшейеді.

Алматы облысы. 9 желтоқсанда таулы аудандарда қатты қар жауады. Тұман мен көктайғақ байқалады. Жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы мен Қонаев қалаларында да тұман болады. 10–11 желтоқсанда суық 12–20, солтүстігі мен таулы аумақтарда 20–25 градус аязға дейін күшейеді.

Атырау облысы. 9 желтоқсанда түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман түседі.

Ақтөбе облысы. Түнде солтүстік және шығыс бөлігінде көктайғақ, батысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Желдің екпіні 15–18 м/с. 9–10 желтоқсанда түнгі температура 13–20, солтүстік-шығыста 23–25 градус аязға дейін төмендейді.

Жамбыл облысы. Таулы аудандарда қар мен жаяу бұрқасын күтіледі. Тұман мен көктайғақ байқалады. Жел 15–20 м/с. Таразда күндіз көктайғақ болады. 10–11 желтоқсанда суық 5–16 градус аяз аралығында күшейеді.

Жетісу облысы. 9 желтоқсанда өңірдің басым бөлігінде тұман мен көктайғақ. Желдің екпіні 15–20 м/с.

Маңғыстау облысы. Түнде және таңертең облыстың батысы, оңтүстігі және орталығында көктайғақ. Жел күшейеді. Ақтауда да көктайғақ күтіледі.

Батыс Қазақстан облысы. 9 желтоқсанда батысы мен солтүстігінде тұман мен көктайғақ. Оралда түнде және таңертең дәл осындай құбылыс байқалады.

Абай облысы. Өңірдің солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде қар, бұрқасын, көктайғақ болады. Күндіз кей жерлерде қатты қар. Тұман жиілейді. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді. Семейде қар мен бұрқасын күтіледі.

Шығыс Қазақстан облысы. Қар, бұрқасын, көктайғақ. Солтүстікте қатты қар жауады. Жел 15–20 м/с. Өскеменде қар мен бұрқасын күтіледі.

Түркістан облысы. Күндіз таулы аудандарда жаңбыр-қары аралас қатты жауын-шашын. Көктайғақ және тұман кең таралады. Шымкент пен Түркістанда да тұман күтіледі. 10–11 желтоқсанда түнгі ауа температурасы 1–6, таулы аудандарда 13 градус аязға дейін төмендейді.

Солтүстік Қазақстан облысы. Қар, бұрқасын, кей өңірлерде қатты қар. Жел 15–20 м/с. Тұман жиі күтіледі. Түнгі суық 22–30 градусқа дейін күрт түседі.

Астана қаласы. 9 желтоқсанда қар, бұрқасын, түнде көктайғақ. Жел 15–20 м/с.

Ақмола облысы. Түнде қатты қар, бұрқасын, көктайғақ. Тұман жиі түседі. Желдің екпіні 15–20 м/с. Түнгі аяз 20–28 градусқа дейін төмендейді.

Қостанай облысы. Қар, жаяу бұрқасын, көктайғақ. Жел күшейеді. Тұман байқалады.

Қызылорда облысы. Солтүстігі мен орталығында тұман. Қызылордада да көріну шектеледі.

Павлодар облысы. Қар, бұрқасын, қатты қар. Жел 15–20 м/с. Температура 20–30 градусқа дейін төмендейді. Павлодар қаласында дәл осы ауа райы сақталады.

Елдің солтүстігі мен шығысында алдағы үш күнде аяз айтарлықтай күшеймек. Қауіпті ауа райына байланысты мамандар жолда сақ болуға, ал мүмкіндігінше сапарды кейінге қалдыруға кеңес береді.

Материал авторы