2203

Путин жыл бойы әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойды

Жарлық бойынша резервтегілердің бәрі жаппай шақырылмақ.

Путин жыл бойы әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойды
kremlin.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин 2026 жылы әскери міндеттілер қатарындағы резервистерді оқу-жаттығу жиындарына шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Құжат 8 желтоқсанда ресми құқықтық актілер порталында жарияланды.

Жарлыққа сәйкес, әскер қатарында болмаған, бірақ запаста тұрған азаматтар Қарулы күштер, Росгвардия, ТЖМ-нің әскери-құтқару бөлімшелері, сондай-ақ мемлекеттік охрана және ФСБ құрылымдары өткізетін жиындарға шақырылады. Құжаттағы төрт тармақтың екеуі «қызметтік пайдалануға арналған» деген белгімен жарияланған.

Ресей заңнамасы бойынша, запаста – бейбіт уақытта әскери қызмет өтемейтін, бірақ әскери есепте тұрған азаматтар саналады. Олардың қатарына мерзімді немесе келісімшартты қызметін өткергендер, 30 жасқа дейінгі жеңілдік алған не босатылған ер адамдар, әскери кафедра немесе оқу орталықтарын аяқтаған түлектер, сондай-ақ байланыс, медицина секілді салалар бойынша әскери есепке алынған әйелдер кіреді.

Резервистерді стратегиялық нысандарды қорғауға тарту

Бұған дейін, 4 қарашада Путин резервистерді елдегі аса маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғауға тартуға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған еді.

10 қарашада «Коммерсант» басылымы Ресейдің кемінде 19 аймағы резервистерді жинақтап, стратегиялық объектілерді қорғау бөлімшелерін жасақтап жатқанын жазды. Басылымның мәліметінше, бұл бөлімдер негізінен дрондарға қарсы күреске жұмылдырылмақ, ал жиындар кезеңінде резервистерге әскери қызметші мәртебесі беріледі.

Басштабтың ұйымдастыру-мобилизация басқармасы бастығының орынбасары Владимир Цимлянский бұған дейін резервистердің Украинадағы соғысқа жіберілмейтініне уәде берген. Алайда Путин қол қойған жаңа жарлықта мұндай шектеу көрсетілмеген.

Жыл бойы шақыру жүргізуге мүмкіндік беретін заң

4 қарашада Путин тағы бір заңға қол қойды. Ол бойынша 2026 жылдан бастап Ресейде әскерге шақыру 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін үздіксіз жүргізіледі.

Электронды повестканы мемлекеттік реестрге енгізген күннен бастап азамат 30 күн ішінде әскери комиссариатқа баруға міндетті болады. Қазір мұндай повесткалардың күшінде болу мерзімі белгіленбеген.

Сонымен қатар әскерге жөнелту тәртібі өзгермейді: шақырылғандар бұрынғыдай жылына екі рет – 1 сәуірден 15 шілдеге дейін және 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін жолданады.

Материал авторы