Президент инфляцияны төмендетуге тапсырма берді
Инфляцияны 5% деңгейінде ұстап тұру шарасы күшеймек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдап, ел экономикасының жалпы ахуалы мен қаржы жүйесіндегі үрдістерді талқылады. Кездесуде қаңтар-қараша аралығында жүргізілген ақша-несие саясатының қорытындысы ұсынылып, 2026 жылға арналған жоспар таныстырылды.
Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысына іскерлік белсенділіктің динамикасы, инфляцияға ықпал ететін факторлар және бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралар туралы баяндады. Сонымен бірге Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен бағдарламаны іске асыра бастағанын айтты.
Ұлттық банк төрағасы қаржы, валюта және мемлекеттік бағалы қағаздар нарықтарындағы жағдайға тоқталып, Ұлттық қор, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы ақпарат берді.
Есепті кезеңде бірқатар негізгі көрсеткіш артқан. Атап айтқанда, жыл басынан бері Ұлттық қордың валюталық активтері 4,8 миллиард долларға ұлғайған. 11 айдағы инвестициялық табыс 8,2 миллиард доллар немесе 13,7 пайыз болды. Алтын-валюта резервтері 36 пайызға өсіп, 62,1 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ активтері қаңтар-қарашада 2,6 триллион теңгеге көбейіп, жалпы көлемі 25 триллион теңгені құрады.
Кездесуде жаппай цифрландыру бағыты да сөз болды. Ұлттық банктің цифрлық жобалары, Антифрод орталығының жұмысы және ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымдарын дамыту жоспары таныстырылды. Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банк баға тұрақтылығын сақтау және инфляцияны орташа 5 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отыр.
Мемлекет басшысы инфляцияны төмендету, қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны жеделдету бағытында нақты тапсырмалар берді.
Материал авторы