1225

Жамбылдық тұрғын Facebook-та скриншот таратқаны үшін 500 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады

Жалған мәлімет таратқан Facebook қолданушысы сотталды.

Жамбылдық тұрғын Facebook-та скриншот таратқаны үшін 500 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады
REUTERS/Dado Ruvic

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Сарысу аудандық соты Facebook-тегі жазбаға қатысты азамат Е.-ге әкімшілік жаза тағайындады. Ол қоғамға ашық түрде жалған ақпарат таратты деп танылды.

Сот материалдарына қарағанда, азамат Е. өз парақшасында Т. есімді белгісіз тұлғамен жүргізілген хат алмасудың скриншоттарын жариялаған. Ол скриншоттарда аудандық аурухананың әкімшілігіне, соның ішінде бас дәрігер К.-ға бағытталған шындыққа жанаспайтын, абыройын түсіретін айыптаулар болған. Жарияланым медициналық мекеме жұмысы туралы теріс пікір қалыптастырып, негізсіз айыптауларға құрылған.

Сотта Е. өзінің айтпағанын, тек басқа адамның сөздерін жариялағанын алға тартты. Дегенмен ол скриншоттарды парақшасына өзі жүктегенін мойындады. Бас дәрігер К. бұл жазбаның оның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін айтып, заңға сәйкес жауаптылық тағайындауды сұрады.

Әкімшілік кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі жалған мәлімет таратқандарға 180 АЕК көлемінде айыппұл немесе 20 тәулікке қамауға алу жазасын қарастырады. Сот айыпталушының алты кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға төмендетті.

Нәтижесінде азамат Е. әдейі жалған ақпарат таратты деп танылып, 495 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы