935

Путин «дос емес» елдерден түсетін қоңырауларға тыйым салмақ

Ресей шетелдік қоңырауларды шектеуге кірісті.

Путин «дос емес» елдерден түсетін қоңырауларға тыйым салмақ
Global Look Press

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде телефон және интернет алаяқтығына қарсы бағытталған жаңа шаралар топтамасы әзірленіп жатыр. DW таратқан мәлімет бойынша бастама шамамен 20 түрлі өзгерісті қамтиды. Соның ішінде шетелден келетін қоңырауларды бұғаттау және оларды міндетті түрде белгілеп отыру көзделген.

Ресей президенті Владимир Путин үкімет «дос емес» деп танылған мемлекеттерден түсетін қоңырауларды шектеу механизмін енгізумен айналысып жатқанын айтты. Ол бұл қадамды цифрлық кеңістіктегі алаяқтыққа қарсы «нақты шаралардың» бірі деп атады.

Бұған дейін Ресейдің Адам құқықтары жөніндегі кеңесі қылмыстық мақсатта пайдаланылатын шетелдік қоңырауларды тоқтату қажеттігін көтерген. Кеңес сондай-ақ халықаралық нөмірлерді белгілеуді де талап еткен. Путиннің айтуынша, бұл ұсыныстардың барлығы ескеріліп, іске асырыла бастады.

Мемлекет басшысы алғашқы пакет – «азаматтарды цифрлық ортада қорғауға» бағытталған шаралар топтамасы қабылданғанын жеткізді. Екінші пакет қазір талқыланып, келісу рәсімінде. Үшінші кезең де жоспарға енгізілген.

Үкімет аппаратының басшысы Дмитрий Григоренконың түсіндіруінше, шамамен 20 бастама қарастырылып отыр. Соның қатарында абоненттің келісімінсіз халықаралық қоңырауларды қабылдауға тыйым салу және мұндай қоңырауларды міндетті түрде белгілеу бар. Сонымен бірге балаларға арналған арнайы SIM-карталар енгізу ұсынылуда. Бұл жүйе ата-аналарға қосымша өтінішсіз-ақ балаларды қажетсіз контенттен қорғауға мүмкіндік бермек.

Материал авторы