440

Бестеректегі 4 баланың өлімі: Жол апатына себепші жүргізушінің соты өтіп жатыр

Ер адам эпилепсия талмасы ұстап, аулада ойнап жүрген балаларды қағып кеткен еді.

Бестеректегі 4 баланың өлімі: Жол апатына себепші жүргізушінің соты өтіп жатыр
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында Бестерек ауылында балаларды қағып кеткен жүргізушінің ісі сотта қарала бастады. КТК таратқан дерекке қарағанда, үйінің маңында ойнап жүрген төрт бала көз жұмған. Тергеу жүргізушіге келген денсаулық дағдарысын апаттың басты себебі деп таныды.

Қайғыдан қан жұтқан ата-аналар ең қатаң жаза талап етіп отыр. Үш бірдей перзентінен айырылған Таңшолпан Каримова:

«Іштей кешірсек те, құжат жүзінде кешіру мүмкін емес. Біз небәрі үш баламызды жоғалттық. Қатаң жаза мен әділдік сұраймыз» деді.

Айыпталушы орнында – 55 жастағы жергілікті тұрғын, бұрынғы автобустың жүргізушісі. Жиырма жыл тәжірибесі бар ол сол күні ұстамадан кейін не болғанын өзі де түсінбей қалғанын айтты. Бұған дейін де есінен танып қалған жағдайлар болғанын, емделгенін, медициналық тексеруден өтіп, жүргізуші куәлігін ауыстырып жүргенін жеткізді. Айтуынша, рөлге отыруына тыйым салынғанын білген емес. Енді оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, жәбірленушілер материалдық және моральдық шығын өндіру туралы талап-арыз түсірген.

«Айыпталушы тағылған айыпты толық мойындайды. Сот алдында жасағанына өкініш білдірді» деді ол.

Бұған дейін, 19 тамызда Бестерек ауылында Toyota көлігі үй жанында ойнап жүрген алты баланы қағып өткен: үшеуі сол жерде қаза тауып, тағы үшеуі жарақаттанған. Жүргізуші сол мезетте ұсталған, сараптама оның мас болмағанын растады. Қамауға алынғаннан кейін, оның денсаулық жағдайына байланысты рөлге отыруға құқығы болмағаны анықталған. Зардап шеккен екі бала ем алып, ауруханадан шыққанымен, ең ауыр жараланған қыз қазан айында есін жимастан көз жұмды.

Материал авторы