4007

Жарық, су мен жылу өндіретін компанияларға салық жеңілдігі енгізілді

Мәжіліс коммуналдық ұйымдарға мемлекеттік қолдауды салықтан босатты.

Жарық, су мен жылу өндіретін компанияларға салық жеңілдігі енгізілді
Sputnik / Абзал Калиев

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды салықтан босататын түзетулерді бірінші және екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Парламенттің бүгінгі жалпы отырысында белгілі болды.

Жаңа заң коммуналдық меншіктегі, бір мезгілде электр энергиясын, су және жылу өндіруді жүзеге асыратын ұйымдардың грант немесе басқа да өтеусіз көмегі азайып кетпеуі үшін әзірленген.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік көмек – үкімет пен жергілікті атқарушы органдар резервінен бөлінген субсидиялар қоса – 100 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі энергия өндіруші ұйымдар үшін табыс ретінде есептелмейді. Мұндай көмекпен жабылатын шығын салық салу кезінде шегерілмейді.

Түзетулер мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану мен энергетикалық сектордағы инвестициялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған.

Материал авторы