SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесі, депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне депутаттық сауал жолдап, еліміздегі су ресурстарын басқару жүйесіндегі сын-қатерлерге назар аударды.
Сауалда айтылғандай, жаңа Су кодексі қабылданғанымен, еліміздегі сегіз ірі су бассейнінде – Ертіс, Балқаш-Алакөл, Жайық-Каспий, Арал-Сырдария және басқаларында – басқарушылық, экологиялық, инфрақұрылымдық және қауіпсіздік мәселелері шешімін таппай тұр.
Депутаттар атап өткендей, басты проблемалар:
Су лимиттері мен рұқсат беру жүйесіндегі ашықтықтың болмауы, трансшекаралық өзендер бойынша көршілес елдермен деректер алмасудың жеткіліксіздігі;
Су ресурстарын басқарудағы институционалдық үйлесімсіздік: бассейндік инспекциялар, гидромет, суармалы су қызметтері мен экологиялық құрылымдардың бір-бірімен байланыссыз жұмысы;
Толық және сенімді гидрологиялық деректердің жоқтығы, көп станцияның ескіргені, мәліметтердің қолмен алынуы;
Экологиялық деректердің тапшылығы: биоалуантүрлілік, ластаушы заттар бойынша жүйелі мониторингтің болмауы;
Табиғи және антропогендік факторларды кешенді бағалаудың жоқтығы, климаттық трендтердің есепке алынбауы.
Сонымен қатар, су жүйелерінің 90%-ы онлайн мониторингтен тыс, нақты уақытта басқару құралдары жетіспейді. Бұл жаңа Су кодексінде көрсетілген бірыңғай деректер платформасын құру міндетіне қайшы келеді.
Депутаттар шетелдік тәжірибелерді мысалға келтірді. Мысалы, Қытайда Янцзы, Хуанхэ, Лицзян өзендеріне «Цифрлық егіз» (Digital Twin) технологиясы енгізілген. Бұл жүйе нақты уақытта спутник, дрон, су сапасы датчиктері, экологиялық ДНҚ талдауы және гидрологиялық модельдерден алынған деректерге сүйеніп өзен экожүйесін толық бақылауға мүмкіндік береді.
Ұсыныстар:
1. «Ұлттық су экожүйелерінің цифрлық орталығын» және экологиялық ДНҚ зертханасын құру, биоалуантүрлілікті мониторингтен өткізу;
2. Пилоттық жоба ретінде Жайық–Каспий және Балқаш–Алакөл бассейндеріне «Цифрлық егіз» платформасын енгізу, кейінгі кезеңде барлық су бассейндеріне тарату;
3. Жобаларды тәжірибесі мол шетелдік компаниялар және халықаралық су институттарымен бірлесіп жүзеге асыру, технологиялық тәуекелдерді азайту.
Бұл шаралар жаңа Су кодексін толық іске асыруға, су үнемдеу мен су саласын цифрландыру міндеттерін орындауға жол ашатыны айтылған.
RUS