SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторлары – Altel, Tele2 және Beeline абонент төлемін 20%-ға, интернет тарифін де 20%-ға көтеретінін жариялады. Бұл қадам миллиондаған қазақстандықтың қалтасына салмақ салатыны айтылып отыр.
AMANAT фракциясының депутаттары бұл шешімді әлеуметтік жауапкершіліктің жоқтығы деп бағалап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Бизнестің әлеуметтік міндеті – қоғам алдындағы парыз» қағидатына қайшы келеді деді. Телефон мен интернет қазіргі заманда ең қажетті құралға айналғандықтан, тарифтің өсуі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Депутаттар атап өткендей, елде 26,3 миллион мобильді жазылым бар, 18,8 миллион адам мобильді интернетке тәуелді. Осы жағдай тарифтің бір мезгілде үш оператор тарапынан көтерілуі нарықтағы бәсекенің жоқтығын және монополиялық ықпал ықтималдығын көрсетеді.
«Ең қызығы – үш ірі оператордың тарифтерді бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудыруда. Бұл — компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе? «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, осындай қадамдардан кейін «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын ойлаудың өзі мұң болып қалды...», - дейді депутат өз сауалында.
AMANAT фракциясы Ұялы байланыс және интернет нарығын монополиядан арылту үшін келесі шараларды ұсынды:
Интернет жеткізу мен тарату секторларын монополиялық келісім фактілері бойынша кешенді тексеру жүргізу.
Нарыққа жаңа операторларды енгізу арқылы бәсекелестікті арттыру.
Мобильді интернеті жоқ ауылдарға желіні жеткізу үшін нақты жол картасын әзірлеу.
Компаниялардың өзара баға келісімінің бар-жоқтығын анықтау.
Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыруға басымдық беру.
Депутаттардың пікірінше, аталған шаралар бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың басты факторы болады.
RUS